«Бұл – өте маңызды сигнал»: Мәслихаттардың 82 пайызы ШОБ салығын төмендетті

Бүгін, 16:57 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жаңа Салық кодексіне сәйкес, мәслихаттар жыл сайын 1 желтоқсанға дейін АСР мөлшерлемелерін реттеуге құқылы. Қазір көптеген өңір жеңілдетілген салық мөлшерлемесіне көшіп жатыр. Бұл  шағын және орта бизнесті  қолдауға бағытталған маңызды қадам, деп хабарлайды turkystan.kz Amanat Business Телеграм арнасына сілтеме жасап.

«AMANAT» партиясының Хатшысы, Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі үйлестіру кеңесінің тең төрағасы Эльдар Жұмағазиевтің хабарлауынша, бүгінде еліміздегі 210 аудан мен қаланың 172-сі (яғни 82%-ы) бұл құқықты пайдаланып үлгерген. Оның ішінде 114 өңір (66%) салықтың ең төменгі мөлшерлемесін – 2% деңгейінде бекітсе, қалғандары – 3% мөлшерлемесін белгіледі. Атап айтқанда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қоса алғанда 13 өңірдің мәслихаттары мөлшерлемені төмендетуді толық қолдады.

«Ешбір өңір немесе аудан салық мөлшерлемесін көтерген жоқ. Бұл – өте маңызды сигнал: өңірлер кәсіпкерлерге қосымша жүк салмай, керісінше, оларды белсенді түрде қолдауға дайын екенін көрсетіп отыр», – деді ол.

Арнайы салық режимі — шағын және орта бизнес арасында ең сұранысқа ие салық салу формаларының бірі. Өйткені оны әкімшілендіру оңай және ол кәсіпкердің шығындарына тікелей әсер етеді. Сондықтан салық мөлшерлемесінің тіпті бір пайызға қысқаруы шағын бизнестің экономикасына елеулі өзгеріс енгізіп, оның тұрақтылығын арттыра алады.

«Мәслихаттардың алдында оңай міндет тұрған жоқ. Бір жағынан салық базасын кеңейту, екінші жағынан кәсіпкерлерге қолдау көрсету қажет болды. Көптеген өңір бұл міндетті сәтті орындап, ШОБ-тың сұранысына сай оңтайлы тепе-теңдік тапты», – деді партия Хатшысы.

Эльдар Жұмағазиев еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 18%-ы шоғырланған Алматы қаласын мысал ретінде келтірді. Талдау нәтижесінде мәслихат 3% мөлшерлеме белгілеуді ұсынды, бұл шешім 200 мыңға жуық кәсіпкерге тікелей әсер етеді. Мұндай қадам қаланың іскерлік белсенділігін арттырып, көлеңкелі бизнесті ашық жүйеге шығарып, сайып келгенде, салық базасын қысқартпай, керісінше ұлғайтады.

«AMANAT» партиясы өкілді органдарда басымдыққа ие: барлық деңгейдегі мәслихаттардың 3415 депутатының 2667-сі немесе 78%-ы — «AMANAT» партиясының өкілдері. Партия депутаттарының күшін біріктіру бүкіл ел бойынша кәсіпкерлерді жедел қолдауға мүмкіндік берді. Бұл — кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріндегі «AMANAT» партиясы ұстанымының айқын көрінісі.

 

Тэгтер:

салық мәслихат