Қазақша құжатқа құнт керек

Қазақша құжатқа құнт керек

Қазақша құжатқа құнт керек
ашық дереккөзі

Өткен аптада өткен Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының кезекті пленарлық отырысында құжаттардың қазақша мәтініндегі кемшіліктер сөз болды. Қайрат Мәми қазақ тіліндегі құжаттардың қатеден көз ашпайтынын айтып, судьяларға мұқият болуды тапсырды.

Қайрат Мәми құжаттар бойынша қаншалықты жұмыс жасалса да, үнемі қате жіберілетінін ескертті. Жоғарғы соттың еліміздегі басқа сот буындарына үлгі екенін айтқан төраға құжаттарды қараған судьялардың немқұрайлыққа жол бермей, қателерді түзетуге ерекше мән беруі тиіс екенін қадап айтты.

– Осындай жағдайлар «әрқайсысымыздың өзіміздің жұмысымыз бар» дегеннің және кейбіреулердің сот жүйесіне жаны ашымайтындығының тағы бір көрінісі. Газетке немесе телеарнаға шыққан кей әріптестеріміздің қазақ тілінің жалғыз қорғаушысы секілді кеудесін соғып кететіні бар. Ал дәл іске келгенде «әрқайсысың өздерің жөндеп ал» дегенге саяды. Сондықтан Жоғарғы сот барлық сот жүйесіне үлгі болуы керек. Осы орайда нормативтік қаулыларды қабылдап жатқанда бұндай селқостыққа жол бермеу қажет, –деді Жоғарғы соттың төрағасы. Қайрат Мәми қазақ тіліндегі құжаттардың сауатты жасалуы үшін қажет болса филолог мамандардың көмегіне жүгінуді тапсырды.

Мемлекеттік тілдегі құжаттардың олқылығы – соттың өзге буындарында да күн тәртібінен түспей тұрған мәселе. Мәселен, Семей гарнизоны әскери соты «Мемлекеттік тілде іс жүргізу, талап арыздарды мемлекеттік тілде дайындау» тақырыбында семинар өткізіп, әскери бөлімдердің және басқа да әскери мекемелердің заңгерлерімен тікелей жұмыс жасау, мемлекеттік тілде талап-арыздарды дайындау кезінде туындайтын қиындықтарды шешу, тәжірибе алмасу, мемлекеттік тілде берілетін талап-арыздардың үлес санын көбейту, мекемелер арасындағы хат алмасуды толығымен қазақ тілінде жүргізу сияқты мәселелердің шешімін табуға тырысқан болатын. Сол жиында сөз алған Семей гарнизоны әскери сотының төрағасы А.Жүнісбеков: «Қазақстанның тәуелсіздігін алып, дамыған елдермен терезесі теңескеніне де, міне, 20 жылдан артық уақыт өтті. Мемлекетіміздің аумағында ең жоғары заңдық күшке ие Ата Заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп анық айшықталып, ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғаны қуантады. Тілдерді қолдану мен дамытудың кезең-кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламалары жасалып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейе түсуде. Алайда қазіргі уақытта сотқа мемлекеттік органдардан келіп түсетін істер, талап арыздар мен басқа құжат айналымы толығымен қазақ тілінде жүргізілмейтіні өкінішті. Мысалы, Семей гарнизоны әскери сотының статистикалық мәліметіне сүйенсек, 2014 жылдың 9 айында қаралған барлық азаматтық және қылмыстық істердің 14 пайызы ғана қазақ тілінде дайындалған екен. Ал сотқа келіп түсетін кіріс құжаттардың жалпы санының 50,1 пайызы орыс тілінде дайындалған. Бұл өте төмен көрсеткіш екені сөзсіз», – деп қазақ тілінің қолданыс аясын мемлекеттік органдарда кеңейту аясында әлі біраз істер атқарылуы керектігін алға тартты.

Әскери саладағы іс-қағаздарда мемлекеттік тілдің дамуына көңілі толмайтындардың бірі – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Орал Шәріпбаев.

 «Әскери сала мемлекеттің ең маңызды, құрылымды бөлігі. Ең бас­тысы, елді қорғайтын шекара емес, әскер де емес, оны тілі қорғайды. Бұл біздің идеологиямызға беріктікті көрсетеді. Осыдан кейін өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді меңгереді, құжат айналымын қазақ тілінде дайындайды. Қазіргі уақытта әскерде негізінен қызмет атқарып жатқан ауылдың жас ұландары. Солардың ішінде де құжатты қазақ тілінде жаза алмайтындары бар. Әскерде әлі күнге дейін құжат айналымы қазақ тілінде өз деңгейінде жүргізілмейді. Бұл ұлттық намыстың оянбауынан, мемлекет алдында жауапкершілікті түсінбеуден орын алып отыр», – дейді О.Шәріпбаев.

 «Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі», – деп жазылған. Бірақ осы қағиданы ойдағыдай жүзеге асыруда мемлекеттік органдарда нақты әрекеттің кемшін түсіп жатқаны қынжылтады.

Қазіргі таңда ресми құжат жобаларының барлығы дерлік алдымен орыс тілінде әзірленіп, содан соң қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес. Мемлекеттік тілдің ресми іс-қағаздардағы өрісін тарылтатын да – осы. Орыс тіліндегі мәтіндер жұмыс барысында бірнеше рет талқыланып, пысықталады. Ал қазақ тіліндегі мәтіндерде терминдер бірізділігінің сақталмауы, стильдік, емлелік қателер жиі кездеседі. Оның бірден-бір себебі – орыс тілінде әзірленген ресми құжаттарды қазақ тіліне аудару жөніндегі күрделі жұмысты, яғни құжат мәтінінің қазақша нұсқасына жауапкершілікті аудармашыға жүктей салу. Тиісті саланың мамандары оқып-тексермеген қазақша құжат аудармашының ғана ой-өрісіне байланып, кейбір өрескел қателер кетіп жататыны да осыдан. Сондай-ақ, аудармашылардан құжаттардың жедел дайындалуын талап ету заң терминдерінің бірізді болмауына, аударманың түпнұсқадан алшақ кетуіне әкеп соғады. «Шымшықты да қасапшы сойсын» демей ме қазақ? Әр саланың құжатын өз маманы дайындаса, ол маман мемлекеттік тілді жетік білсе, мұндай келеңсіздіктер орын алмас еді. Осы орайда, мемлекеттік қызметке қабылданатын қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеретін арнайы емтихан дайындап, оны барлық мекемелерге енгізетін шақ жеткен сияқты. Бұл – уақыт талабы тудырған қажеттілік.