Қарағандыда төрт жастағы баланың жоғалғаны туралы ақпарат құқық қорғау органдарына сағат 11:00 шамасында түскен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бала мектепке дейінгі даярлық орталығына бара жатқан кезде белгісіз бағытқа кетіп қалған. Оны өз беттерінше іздеп таппаған ата-анасы Жедел басқару орталығына хабарласуға мәжбүр болған.
Кинологтар бөлімшесіне ақпарат сағат 14:01-де берілді. Қызметтік ит Тайга тартылған іздестіру шаралары жедел басталып, небәрі жарты сағаттың ішінде бала көршілес ауданнан аман-есен табылды.
Медицина қызметкерлері бүлдіршінді тексеріп, оның жағдайының жақсы екенін анықтады. Кейін ол ата-анасына тапсырылды.
Мамандардың жедел әрекеті мүмкін болатын қайғылы жағдайдың алдын алды, деп хабарлады полиция.