Астанада полиция әлеуметтік желілерде мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарын қорлайтын сөздер айтылған видеоны таратқан блогерді ұстады. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа дайындалып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дау туғызған видео әлеуметтік желілерде жарияланған. Онда блогер ерекше балалардың дүниеге келу себептерін «азғындықпен», «рухани заңдармен» және «табиғат жазасымен» байланыстырған. Бұл мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының қатты наразылығын тудырды.
Осыдан кейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева ІІМ-ге осы айтылған сөздерге құқықтық баға беруді сұрап өтініш жолдады.
Аталған фактіге қатысты Астана ПД баспасөз қызметі түсінік берді.
— Интернет кеңістігінде ерекше балалардың ата-аналарына қатысты арсыз және қорлайтын сөздер айтылған блогердің видеожазбасын тарату фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жарияланым авторы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі, — деп хабарлады полиция.
Астана қаласы Полиция департаменті ескертеді: желіде қорлайтын материалдар таратқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.