Мажарстандағы қазақ студенттері бас қосты

Бүгін, 20:23 / Дана Ізтілеуова

Мажарстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жүрген 30-дан астам қазақстандық студент Лакителек Халық университетінде ұйымдастырылған арнайы кездесуге қатыстыдеп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға ELTE, Corvinus, Debrecen, BUEB және Pecs университеттерінің студенттері келді.

Кездесуге Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КеАҚ Президенті Данияр Қадыров, сондай-ақ Лакителек Халық университетінің профессоры әрі Мажарстан Парламентінің вице-спикері Шандор Лежак қатысты. Сонымен қатар, Қазақстан мәдениеті мен ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытатын мажар азаматтар да шақырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – шетелде білім алып жүрген қазақстандық жастармен байланысты нығайту, олардың отансүйгіштік рухын көтеру, мәдени және білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту.

Кездесу барысында Елші Абзал Сапарбекұлының қазақ-мажар стратегиялық серіктестігі туралы дәрісі тыңдалды, студенттер Қазақстан туралы әзірлеген баяндамаларын ұсынды. Сонымен қатар асық ату және тоғызқұмалақ ойындары бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.

ELTE университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің 3-курс студенті Тәуекел Шадияр Қазақстан жастарының бастамасы туралы айтты:

«Мажарстанда оқитын қазақстандық студенттерді біріктіру үшін “Quryltai Hu” қауымдастығын құрдық. Ай сайын мәдени-білім шараларын өткіземіз. Сондай-ақ Еуропаның 11 еліндегі қазақстандық студенттік ұйымдарды біріктіретін Qazaq Society қауымдастығының мүшесіміз. Мақсатымыз – бірлікті нығайту және байланыстарды кеңейту», – деді ол.

Corvinus университетінің «Бизнес әкімшілігі және менеджмент» мамандығының 4-курс студенті Елнара Исрайл өз әсерін бөлісті:

«Біз жиі бас қосамыз. Елшілік ұйымдастыратын және өзіміз өткізетін іс-шараларға белсенді қатысамыз. Мерекелерде жиналып қазақша ет әзірлейміз, тек қазақша сөйлесеміз. Осындай басқосулар Отанды ұмыттырмайды. Қазақстан – әрқашан жүрегімде», – деді ол.

Кездесу аясында «Отандастар қоры» Президенті Данияр Қадыров Мажарстандағы «Барыс» мажар-қазақ қоғамы мен «Мажар-Қазақ» мәдени ұйымдарының жетекшілерімен және белсенділерімен жүздесті. Жиын соңында қазақ ұйымдарына «Қоржын» жобасы аясында домбыралар мен ұлттық киімдер табысталды.

Тэгтер:

Отандастар қоры Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Қазақ студенті Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елші Данияр Қадыров