Атырау маңындағы Еркінқала ауылында жергілікті тұрғындар мұсылман зиратындағы бүлінген құлпытастарды байқап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Ақжайыққа сілтеме жасап.
Бірнеше қабірде ислам дінінің белгісі саналатын айшықтар сындырылған.
Куәгерлердің айтуынша, кейбір жеке элементтерге ғана емес, толық орнатылған құлпытастар да бұзылған. Ауыл тұрғындары бұл жағдайға алаңдап, мұны әдейі жасалған вандализм болуы мүмкін деп санайды.
«Біз туыстарымыздың бейіт басына келген едік, айшықтардың сынып жатқанын көрдік. Мұндай сорақы істер жасауға ешкімнің құқығы жоқ. Не болғанын және оған кім жауап беретінін білгіміз келеді», - деді Еркінқала тұрғыны Ербол.
Қазір зақымдардың ауа райынан ба, әлде қасақана жасалған әрекеттен бе, пайда болғаны белгісіз. Дегенмен ауыл тұрғындары аумақты тексеріп, себептерін анықтауды талап етуде.
Материал дайындалған сәтте полиция мен Еркінқала әкімдігі ресми түсініктеме берген жоқ. Жергілікті тұрғындар биліктен зираттың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мұндай жағдайдың қайталанбауын сұрайды.