«Шетелге оқуға түсіреміз»: Астана тұрғыны халықты алдап, 152 млн теңге алған

Бүгін, 16:20 / Алуа Арман
istockphoto.com

Елорда тұрғыны білім беру саласында қызмет көрсетеміз деген желеумен 52 азаматтан 152 млн теңге алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол әлеуметтік желі арқылы «Еуропадағы жоғарғы оқу орындарына түсіреміз, бір жылдық тіл білімінен босатуға мүмкіндік беретін халықаралық сертификаттар береміз» деген уәдемен курстарға жазылуды ұсынған.

Алайда уәде етілген сертификаттар берілмеген, ал шет елге оқуға түсу іс жүзінде орындалмаған.

Сонымен қатар сотталғанның компаниясында көрсетілген салада қызметті жүзеге асыру үшін халықаралық аккредитация болмаған.

Мәселен, халықаралық сертификатты алып, баласын Еуропада білім алуға дайындатуға ниет білдірген жәбірленушілердің бірі 3 млн теңгеге жуық шығынға ұшырады.

Кінәлінің өзіне жүктелген міндеттерін орындауға мүмкіндігі болмағаны, ал жәбірленушілермен келісім-шартты қылмыстық ниетін орындау мақсатында жасағандығы және ұрланған ақша қаражатын өзінің жеке қажеттіліктеріне пайдаланғаны дәлелденді.

Сотталған өз кінәсін мойындамады.

Сот үкімімен кінәлі 7 жылға оқу орындарын ұйымдастыруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Астана қаласының прокуратурасы алаяқтық жасағаны үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін назарға салады.

Тэгтер:

Алаяқ білім беру Сот