«Қазгидромет» 2025 жылдың желтоқсан айына арналған Қазақстан бойынша консультативтік ауа-райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Болжамға сәйкес, қыстың алғашқы айында республика аумағының басым бөлігінде ауа температурасының орташа көрсеткіші нормаға жуық, батыс өңірлерде нормадан 1–2 °С жоғары, ал солтүстік-шығыс пен шығыс облыстарда нормадан 1 °С төмен болады деп күтіледі.
Желтоқсанның бірінші онкүндігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады:
– батыста, солтүстікте, шығыста және елдің орталығында көбіне қар түріндегі жауын-шашын,
– оңтүстік-батыста және оңтүстік өңірлердің жартысында жаңбыр мен қар күтіледі.
Қазақстанның шығысы мен оңтүстік-шығысындағы тау және тау бөктері аймақтарында қардың қалың түсуі болжанады. Республика бойынша боран, көктайғақ, тұман күтіледі.
Желтоқсан айының басында күндізгі температура мынадай болады деп болжанды:
Батыс облыстар мен Ұлытау облысында: 0…+8 °С;
Солтүстік және орталық аймақтарда: –3…+2 °С;
Шығыс өңірлерде: 0…–8 °С;
Оңтүстік өңірлердің жартысында: +5…+13 °С.
Алайда онкүндіктің соңына қарай солтүстік-батыс антициклоны Арктикадан келген суық ауа массаларымен күшейіп, елдің басым бөлігінде температураның төмендеуіне әкеледі:
Батыста түнде –5…–10 °С, күндіз –3…–8 °С;
Солтүстік, шығыс және орталықта түнде –10…–18 °С, шығыстың кей жерлерінде –23 °С, күндіз –5…–13 °С;
Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста түнде –5…+2 °С, күндіз +3…+10 °С.
Желтоқсанның екінші және үшінші онкүндіктерінде түнгі температура –15…–20 °С-тан –5…–10 °С-қа дейін, күндіз –3…+2 °С пен –5…–10 °С аралығында құбылады. Шығыста кейбір күндері түнде –25…–35 °С, күндіз –15…–20 °С аяз болуы мүмкін. Батыс пен оңтүстік өңірлерде түнгі температура 0…–5 °С аяздан –7…–12 °С аязға дейін, күндіз негізінен 0…+8 °С шамасында болады.
«Ай бойы ауа райы құбылмалы болады: көбіне қар түріндегі жауын-шашын ашық, аязды күндермен алмасады. Кей жерлерде екпінді жел, боран, тұман және көктайғақ күтіледі. Бұл – желтоқсан айына тән табиғи құбылыстар», – делінген хабарламада.