Солтүстік Қазақстанда полиция «Anti-fraud» арқылы алаяқтардан 35 млн теңгені қайтарды

Бүгін, 14:23 / Алуа Арман
istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер «Anti-fraud» арқылы 35 млн теңгеден аса қаржыны иелеріне қайтарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің аудандық бөлімшелеріне ҚР ІІМ-нің "Anti-fraud-орталық" және "Кибернадзор" базалары орнатылуда.

Мамандардың айтуынша, "Anti-fraud" жүйесі алаяқтардың қысымымен жасалатын ақша аударымдарын жедел бұғаттауға мүмкіндік береді. Ең бастысы — дер кезінде полицияға жүгіну.

Енді аудандық қызметкерлер ақпаратты облыс орталығына жібермей-ақ, бұғаттауды өздері орындайды. Бұл — маңызды минуттарды үнемдейді.

Жыл басынан бері осы жүйенің көмегімен СҚО-да кибералаяқтардың құрбандарына 35 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.

"Кибернадзор" — интернеттегі жалған жарнамаларды және өзге де құқыққа қайшы контентті бұғаттауға арналған жүйе. Қаңтардан бері СҚО полицейлері 3670 сілтемені бұғаттады. Енді бұл жұмысты аудандық бөлімшелердің қызметкерлері де атқара алады — киберпол мамандары оларды қажетті дағдыларға үйретуде.

 

Тэгтер:

Алаяқ киберқылмыс Солтүстік Қазақстан