Ғалымдар: смартфонды көп қолдану тәуелділік емес, әдет қана

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Смартфонға тәуелділік туралы ақпараттар шындыққа жанаса бермейді. Ғалымдардың айтуынша, расында тәуелділік белгілері халықтың небары 2%-ында ғана байқалады. Ал қалған 98% жағдайда бұл – тек әдет: адам өзін ыңғайсыз, жалғыз сезінген кезде лентаға қарай ұмтылады, деп хабарлайды turkystan.kz nature.com-ға сілтеме жасап.

Зерттеуге 1 200-ден аса әлеуметтік желі қолданушысы қатысқан. Нәтижесінде көптеген адамдар өздерін «тәуелдімін» деп артық бағалайтыны анықталды. Дәл осы ойдың өзі жағдайды ушықтырады: адам өз мінез-құлқын бақылауға қабілеті төмен деп сезіне бастайды.

Ғалымдар мұны медианың әлеуметтік желіні жиі «тәуелді ететін» деп атауымен байланыстырады. Екінші кезеңдегі эксперимент те мұны дәлелдеді: Instagram қолдануды «тәуелділік» деп түсіндіру адамның өзін-өзі кінәлауын күшейтіп, пайдалануды азайтуға ынтасын төмендеткен.

Зерттеушілер тиімді тәсіл – өзімізге адал болу дейді: «Мен дәл осындай сәттерде телефонды көп ұстаймын» деп мойындау әлдеқайда пайдалы. Бұл бақылауды өз қолымызға қайтарып, әдетті өзгертуге мүмкіндік береді.

Тэгтер:

Әлеуметтік желі смартфон Тәуелділік әдет