Астанада полицейлерге мектептердің бірінде ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарламалар түскен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдымен роботтандырылған дауыспен қоңырау шалынған, екі күннен соң мектеп директорының жеке нөміріне хабарлама жолданған. Екі жағдайда да шұғыл қызметтер мектепті толық эвакуациялап, ғимаратты тексеріп, қауіптің жоқ екенін анықтады. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде аталған хабарламаларды 8 сынып оқушысы бастағаны анықталды.
Жасөспірім әлеуметтік желіден жалған минирлеу туралы хабарламалар жіберу үшін ақы төлеуді ұсынған жазбаны көріп, өзінің телефонына қолжетімділік берген. Осылайша ол сабақтың болуына кедергі келтіруге тырысқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, кәмелетке толмағанның ата-аналары баланы тиісті деңгейде тәрбиелемеуі үшін жауапкершілікке тартылды. Оқушы кәмелетке толмағандар есебіне қойылды.
Полиция көрінеу жалған жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделетінін және келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеті жүктелетінін еске салады. Полиция ата-аналарды балаларын қорғауға, дұрыс бағыт-бағдар беруге, профилактикалық әңгімелер жүргізуге, мұндай әрекеттердің қауіптілігін түсіндіруге, сондай-ақ ұялы телефондар мен әлеуметтік желілерді пайдалануын бақылап отыруға шақырады.