Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмысты ұйымдастыру қызметтерінің жылдық қызметінің қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жиынға өңірлік бөлімшелердің басшылары қатысты.
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Косанов Қарулы күштердегі әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмысты ұйымдастыру бөлімі басшысының баяндамасын тыңдап, бөлімшенің әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға және әскери отбасыларға қолдау көрсетуге қосқан үлесін атап өтті.
– Қуатты армия мықты отбасынан басталады. Осы тұрғыдан алғанда, сіздердің әскери қызметшілердің отбасыларын қолдауларыңыз баға жетпес. Сіздер жанұяның беріктігін қамтамасыз етіп, әскери отбасыларға қамқорлық пен сенімділік атмосферасын орнатып жүрсіздер. Осындай абзал миссия армиямыздың бірлігі мен ынтымағының іргетасы болып қала берсін, – деді қорғаныс министрі.
Жыл қорытындысы бойынша ең үздік қызметкерлер «Отан қорғаушының аяулы жары» төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапатталды.
Қазір Қарулы күштерде 36 мыңнан аса әскери қызметшінің отбасы бар. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Тәттігүл Смағұлова атап өткендей, жас және көпбалалы отбасылар саны да артып келеді.
– Біздің мақсатымыз – әрбір әскери қызметшінің отбасына мемлекет қолдауын көрсету және өз мәселелерімен жалғыз қалмайтынын білдіру, – деді Т. Смағұлова.
Оның айтуынша, жаңа келген жас офицерлерге бөлімшелерде бейімделуге көмек көрсетіледі. Әйелдерге жұмысқа орналасуда көмек беріледі, балаларға балабақшаларға қабылдау мәселесінде қолдау көрсетіледі. Бейбітшілік миссияларына қатысқан әскери қызметшілердің отбасыларына да ерекше назар аударылады. Оларға құқықтық және тұрмыстық қолдау көрсетіледі, командирлермен әркез кездесулер ұйымдастырылады.
Сонымен қатар бұл қызметтер денсаулығы бойынша проблемалары бар балаларды тәрбиелейтін отбасыларды да назардан тыс қалдырмайды. Олардың медициналық кеңес алуына өңірлік денсаулық сақтау басқармаларымен өзара әрекеті жолға қойылған. Әскери бөлімдер басшылықтары мен «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ ұйымы үлкен қолдау көрсетеді, атап өтсек, балаларға арналған қайырымдылық шаралары, мәдени және спорттық нысандарға тегін кіру, экскурсиялар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырылады.
Гарнизондарда 157 үйірме мен секция жұмыс істейді, оған шамамен үш мың әскери қызметшінің балалары барады. Биылғы жылы қорғаныс министрінің бастамасымен дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы кең көлемде өтіп, онда ондаған меценат пен банктер қосылып, мыңдаған балаға жаңа оқу жылына қажетті көмек берді.
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығымен ынтымақтастық аясында жыл сайын мыңнан астам әскери қызметшінің балалары Щучинск, Балқаш, Қонаев және Түркістан облысындағы лагерьлерде демалып, білім алып, денсаулығын нығайтады.
Есептік іс-шара аясында Әскери-тарихи мұражайдың атриумында аталған қызмет балалардың қолөнер туындылары мен суреттерінен көрме дайындады. Кеңеске қатысушылар алдында «Жас сарбаз» шығармашылық студиясының тәрбиеленушілері «Ақ сауыт» биін орындады, ал жас домбырашылар «Адай» күйін тартты.