Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы Ауыл әкімдерінің диалог-платформасына қатысты. Ол елді мекенде атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды.
«Осы уақыт ішінде бірқатар маңызды мәселелер шешілді. Жолдар жөнделді, көше жарығы орнатылды. Бес елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсіпкерлердің саны артып, халықтың тұрмыстық табысы ақырындап өсіп келеді. Әрине, ауыл халқының тұрмысын жақсартуда жергілікті биліктің, оның ішінде ауыл әкімдерінің жауапкершілігі өте үлкен», – деді ол.
Сондай-ақ округ әкімі экологияны жақсарту бағытында жасалып жатқан қадамдарға тоқталды.
«Таза Қазақстан» ұлттық жобасы табиғатқа, су мен электр энергиясына, қалдықтарды басқаруға деген экологиялық мәдениетті қалыптастырады. Тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін аудан тұрғындарына арнап ақпараттық сервисті іске қостық. Бүгінде телеграмм бот арқылы өтінімдер қабылдап, шешімін табудамыз. Жерлесіміз Елужан Момышев биыл көктемде өз ауласына күн электр стансасын орнатып, сағатына 52 кВт қуат өндіретін жүйені іске қосты. Өндірген электр қуатын Тараздағы электр компаниясына өткізіп, ел экономикасына үлес қосуда», – деді әкім.