e-Qyzmet-ті Еуропалық ұйым жоғары бағалады

Бүгін, 16:47 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Халықаралық OPSI платформасы Қазақстанның e-Qyzmet – персоналды басқару ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін енгізу бойынша сараптамалық материал жариялады. Бұл Қазақстанның мемлекеттік сектордағы кадрлық процестерді цифрландыру жетістіктері халықаралық деңгейде мойындалып жатқандығының көрсеткіші, деп хабарлайды turkystan.kz.

e-Qyzmet жүйесі – мемлекеттік басқаруды цифрлық жаңғыртудың негізгі элементі және ұлттық кадр саясатын іске асырудың маңызды құралы. Жүйе HR-процестерді толық автоматтандырып, кадрлық деректерді орталықтандырады. Бюрократиялық кедергілерді жойып, субъективті шешімдер қабылдау тәуекелін барынша азайтады. Кадрларды қабылдау, тиімділікті бағалау әрі мансаптық ілгерілету үрдістерінің меритократиялық қағидаттармен жүзеге асуын қамтамасыз етеді.

Платформа барлық мемлекеттік органдардағы 400-ден астам басқарушылық процестерді және HR-рәсімдерді қамтиды. e-Qyzmet іріктеу рәсімдерін цифрландыру мен әкімшілік кедергілерді азайту есебінен кадрлық жүйенің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырып, кәсіби және тұрақты мемлекеттік қызметті қалыптастыруға ықпал етті.

«e-Qyzmet жүйесі туралы материалдың OPSI платформасында жариялануы – Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және HR-әлеуетін дамыту саласындағы халықаралық жетістігі. Бұл Қазақстан тәжірибесінің тек ел ішінде ғана емес, жаһандық деңгейде де қызығушылық тудырып отырғанының айқын дәлелі. Мұндай қадам Мемлекет басшысының «Біз үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуымыз керек» деген ұстанымына сәйкес келеді», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай.

e-Qyzmet жүйесіне 2022-2023 жылдары жаңғырту мен цифрлық іріктеу тетіктерін енгізу арқылы бір бос орынға орта есеппен 5,5 үміткерден келіп, кандидаттар арасындағы бәсекелестік айтарлықтай артып отыр. Бұл дәстүрлі жүйемен салыстырғанда үш еседен жоғары көрсеткіш.

Айта кету керек, Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалуы еліміздің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) бастамаларындағы, әлемдік сараптамалық алаңдардағы позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді.

Анықтама үшін:

OPSI (Observatory of Public Sector Innovation) – мемлекеттік басқарудағы инновацияларды жинауға, талдауға және таратуға арналған (ЭЫДҰ)-ның жаһандық платформасы. Оның негізгі компоненті – Case Study Platform, онда әлемнің түрлі елдеріндегі реформалар, цифрлық шешімдер және басқарудың жаңа модельдері ұсынылады.

OPSI материалдарын үкіметтер, халықаралық ұйымдар, зерттеу орталықтары мен мемлекеттік басқару саласының мамандары кеңінен пайдаланады. Қазақстандық бастамалардың платформада жариялануы елдің ашық, инновациялық және мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға бағытталған мемлекет ретіндегі имиджін күшейтеді.

Тэгтер:

e-Qyzmet жүйесі Еуропалық ұйым