Былтыр сәуір айында Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Астанаға ресми сапары аясында қазақ тілін үйрену және Қазақстанда британдық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға бағытталған меморандумдарға қол қойылған-тын. Мұнда жасасқан негізгі келісімдердің бірегейі – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен Оксфорд университеті арасында жасалған Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту бағдарламасын іске қосу. Қазақ тілінің әлем алдындағы беделін көтеру мақсатын көздеген бұл жоба биыл қазан айында іске қосылды. Жылдар бойы әлемнің ең үздік университеттері рейтингінде көш бастап келе жатқан әйгілі білім ордасында қазақ тілі курсының пилоттық жобасын жүргізіп жүрген жас ғалым Дидар Садыққа хабарласып, әңгімелескен едік.
– Көп паблик сенің шағын ауылдағы орта мектептен Оксфордқа дейінгі жүріп өткен жолыңа басымдық беріп, ауыл жастарына үлгі болсын деп жарыса жазып жатыр. Сондықтан алдымен өзің өсіп-өнген орта туралы айта отырсаң.
– Мен Жетісу облысы Кербұлақ ауданына қарасты Қарашоқы ауылында дүниеге келдім. Ауылым расында шағын, 1 000-нан астам адам тұрады. Мен ата-әжемнің қамқорлығында болдым. Ата-анам 5-сыныпқа көшкенімде Алматыға қоныс аударды. Үлкендер «Баланы ары-бері тасымай, бір мектепте оқып бітірсін» деген шешім қабылдаған. Сөйтіп, өз ауылымдағы орта мектепті «Алтын белгіге» бітірдім. Бала кезімнен тіл, әдебиетке асқан қызығушылық танытып, кітапты сүйіп оқыған соң, 8-сыныпта оқып жүргенімде-ақ қандай маман иесі болатынымды айқындап алдым. Мектеп бітірген соң, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде оқуға түстім. Оны аяқтаған бойда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жұмысқа тұрдым. Дипломдық тақырыбым қазақ тіліне қатысты болған соң, осы бағыттағы жұмысымды жалғастырғым келді. Тағы бір себеп – қазір барлық университетте қазақ тілі кафедралары жұмыс істейді. Олар тілді практикалық тұрғыда зерттейді. Ал тілдің нормасын, даму динамикасын теориялық тұрғыда жіті зерттейтін ғылым ордасы – біреу ғана. Ол – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Осы себептен де сонда жұмысқа тұруды мақсат еттім. Онда 2020-2023 жылдар аралығында ғалым-хатшы болып жұмыс істедім. Кейін Оксфорд университетінде қазақ тілі курсын ашу жобасына тартылдым.
– Былтыр «Әйгілі Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытылады» деген жаңалық тарағанда көп маман бұл жобаның биыл іске асатынына сенбеген-тін. Расында, әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд универ-ситетінің базасында орналасқан ака-демиялық орталықта қазақ тілінен курс ашу тым ұзаққа созылатын процесс секілді көрінген-ді. Бұл бастама қалай аз уақыт ішінде іске асты?
– 2023 жылы қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігі қолданысқа шықты. Әлемге танымал Oxford University Press баспасы екітілді Oxford Qazaq Dictionary сөздігін шығаруға ресми рұқсатын берді. Сөздікті құрастыруға біздің институттың мамандары қатысқан-тын. Одан кейін Оксфорд университетінде қазақ тілін оқытуға сұраныс бар дегенді естідік. Оксфорд университетіндегі Азия және Таяу шығысты зерттеу факультетінде Oxford Birsöz initiative деген жоба бар. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – түркітектес халықтардың мәдениетін, тілін зерттеу. Сол жобаның директоры Лейла Нажафзада тәжірибе алмасу мақсатында Алматыға бір ғылыми семинарға келген екен. Сол кезде директорымыз Анар Фазылжан оны институтқа арнайы шақырып, жиналыс өткізген-тін. Сол жиналыс нәтижесінде Оксфорд университетінде қазақ тілін оқытудың пилоттық нұсқасын енгізіп көру туралы шешім қабылданды. 2024 жылы директорымыз бастаған делегация болып, Оксфорд қаласына іссапарға бардық. Жеті маман жеті күнде Оксфорд университетіндегі оқу жүйесін, мұнда өзге тілдерді қалай үйрететінін егжей-тегжей бақыладық. Бірнеше профессормен кездестік. Бізге әйгілі білім ордасының әдістемесі қалай қызық болса, біздің қандай институт мамандары екеніміз оларға да қызық болды. Жеті күн ішінде ілкімді іске себепші болатын көп кездесуге қатысып, тәжірибе алмасып, елге олжалы қайттық. Елге оралған соң, онлайн келіссөздер жүргізуді қолға алдық. Ғылым және жоғары білім министрінен қолдау таптық. Министрлік «Болашақ бағдарламасы» арқылы онда біліктілік арттыру идеясын ұсынды. Сөйтіп, Меруерт Иманғазина деген маман екеуіміз Оксфорд университетіне тағылымдамадан өтуге лайық деп таңдалдық. Біз Оксфорд университетінің қабырғасында түркітілдес мемлекеттердің тілі қалай оқытылатынын бір жыл бойы зерттедік. Өзіңіз түсініп отырғандай, мұнда біздің методикамыз жарамайды. Ал британдық оқу жүйесі мүлде басқа. Қазақ тілінің ол жүйеге бейімделген силлабусы тіпті жоқ. Жалпы, бізде қазақшаны ағылшынтілділерге оқытуға бейімделген материалдар жоқтың қасы. Сол жағынан қиынырақ болды. Десе де, бір жылға жалғасқан тағылымдама барысында көп нәрсені көңілге тоқыдық. Ең алдымен, бір жыл бойы түрік тілінің сабағын бақыладық. Сонымен қатар әзербайжан және өзбек тілдерінің курсына қатыстық. Біле білсеңіз, түрік тілі мұнда пән ретінде оқытылады. Ал өзбек пен әзербайжан тілі пилоттық жоба ретінде оқытылып жүр. Қазақ тілі бұл топқа кейінірек қосылды. Осылайша, мамандармен тәжірибе алмасып, өз зерттеуімізді жүргіздік. Сол зерттеудің негізінде қосымша материал әзірледік. Сөйтіп, бір жыл бойы әзірленген материалдарға сүйеніп, осы күзде жобамызды бастадық.
– Көпшілік қазақ тілі пилоттық жоба емес, жеке пән ретінде ресми бағдарламаға енді деп шатасып жатса керек.
– Иә, мен де бірнеше парақшадан «қазақ тілі Оксфорд университетінің бағдарламасына ресми түрде енгізілді» деген жазбаны байқап қалдым. Ол – қате дерек. Қазақ тілі курсы мұнда ресми емес, зерттеу жобасы ретінде жүргізіліп жатыр. Ресми бағдарламаға енгізу процесі үш жылды қажет етеді. Бірінші жылы университеттің оқыту жүйесін толығымен зерттеу қажет. Екінші жылы сол зерттеу нәтижесінде материал әзірлеу керек. Ал үшінші жылы сол материалдарды тестілеу арқылы апробациядан өткізу қажет. Осы үш жыл сәтті өткен соң ғана, Оксфорд университетіндегі ғалымдар тобы бұл бағдарламаның оларға қажеттігін, сұраныс бар-жоғын, материалдардың сапасын жіті тексеріп, шешім қабылдайды. Мен жүргізіп жатқан қазақ тілі курсы – әлі апробациядан өтіп жатқан жоба. Әлбетте, біз осы қадам үшін қатты қуаныштымыз. Бұл курстың зерттеу жобасы ретінде ашылуының өзі – қазақ тілі үшін үлкен жетістік. Мұның пайдасы ана тіліміз үшін орасан екенін айтпасам да, түсінікті шығар. Сонымен қатар алдағы уақытта қазақ тілінің грамматикалық анықтағышын әзірлеуге үлкен іргетас болмақ.
Жалпы, қазақ тілі ағылшынтілділер үшін, бөлек те беймәлім, белгісіз, «көміліп» жатқан әлем. Өзімізге бұл білінбес. Өз тілімізде еркін сөйлеп, тіліміздің табиғатын жетік білген біз үшін бәрі оп-оңай. Ал өзге тілділер, соның ішінде ағылшынтілді мамандарға бәрі беймәлім. Интернетте қазақ тілін үйретуге қатысты ағылшынша жазылған мәліметтер тым аз. Ана тілімізді үйренгісі келетіндер қазақша ережелерді оқи алмайды ғой. Ал ағылшын тілі – әлем тілдерінің көш басында тұр, ғылым мен ілімнің тілі. Сондықтан олар барлық деректі ағылшынша іздейді. Ал қазақ тілі ағылшын тілі арқылы көрініс таппаған соң, олар ана тілімізді, мәдениетімізді белгісіз әлем ретінде көреді. Оксфорд қабырғасында бұл жобаны бастап жатқан біз өзімізді сол белгісіз әлемнің кілтін ашып, баспалдақтарын қалап беріп жатқан маман секілді сезінеміз. Сол үшін әйгілі Оксфорд университетінде қазақ тілі курсын пилоттық жоба ретінде бастау – расында, ғаламат жетістік.
– Қазақ тілін оқимын деушілер саны көп болды ма? Оларды қалай іріктеп алдыңдар?
– Оксфорд университетінің өзіндік әмбебап платформасы бар. Онда университеттің түгел профессорлық құрамы, барлық студент тіркелген. Университет ішінде таралуға тиіс бүкіл хабарлама сонда салынады. Оқу жылының басында сол платформаға «Қазақ тілінің курсы басталады» деп хабарландыру жариялаттық. Бұл хабарландырудың біз үшін аса маңызды болды. Себебі жаңа айтып өткенімдей, бұл хабарландыруды Оксфорд университетінің барлық ғалымы мен студенті жеке кабинеттеріне кіргенде бірден көреді. Біз туралы мүлде естімегендер сол жарнама арқылы біздің елді, біздің тілді тани алды. Қатты қызыққандары біздің электронды поштамызға жазып, тілектестік білдірді. Келіп түскен барлық хабарламаны асықпай оқып шықтық. Бізге қазақ тілін кім қандай мақсатпен, не себепті оқығысы келетіні маңызды болды. Айта кетерлігі, Оксфорд университетінен бөлек, Ұлыбританияның басқа университеттерінен де өтініштер келіп түсті. Мысалы, Бирмингем университеті, сосын Лондонның бірнеше білім ордасынан курс оқуға ниет танытқандар болды. Алайда, Оксфорд университетінің талабы бойынша, тіл курсына 12 студенттен артық қабылдай алмаймыз. Жалпы, Оксфорд университетінде кез келген курсқа 10-12 адам ғана қабылданады екен. Мамандардың айтуынша, адам саны одан асып кетсе, ол курс тиімсіз болады. Бастапқыда келіп түскен 24 өтінішті сараптадық. Әлбетте, Оксфорд университетінің студенттеріне басымдық бердік. Сол себептен басқа университеттен келген өтініштерді қабылдамауға мәжбүр болдық. Сондай-ақ түрлі мақсатпен оқығысы келетіндердің арасында да қатаң іріктеу жүргіздік. Бір студент бір семестр ғана оқып, екінші семестрде тағылымдамаға басқа елге кетпек екен. Алайда, біз оның өтінішін қабылдамай тастадық. Себебі бізге тұрақты, курсты басынан соңына дейін, академиялық жыл бойы оқитын студенттерді қабылдау қажет. Сөйтіп, 10 студентті іріктеп алдық. Курсқа тіркелгендердің көбі – магистранттар мен докторанттар. Олар қазақ тілін зерттеу тілі ретінде оқиды. Дипломдық тақырыптары Еуразия, Орталық Азия, Қазақстан мәдениеті, әдебиеті, тарихына қатысты. Ал екі студентім бакалавриат бөлімінде оқиды. Олар – көп тілді үйренгісі келетін энтузиасттар.
– Ең алғашқы сабақ ерекше, естен кетпес сәт сыйлаған шығар...
– Әлбетте, естен кетпейді. Ең алғашқы сабақ Республика күні қарсаңында басталды. Оксфордта оқу жүйесі үш семестрге бөлінеді. Әр семестр екі айға жалғасады. Бірінші семестр – қазанның ортасынан желтоқсанның басына дейін жалғасады. Бірінші сабақ өтер күні қатты қобалжыдым. Оқытушы ретінде мойнымдағы үлкен жауапкершілікті сезіндім. Оксфорд университетінің білімі мол студенттері алтын уақытын қиып, сенің алдыңа келіп тұр. Онда оқитындардың уақыты тым шектеулі, сабақ, курстары көп. Екі ай бойы бас алмай, тығыз кестемен оқиды. Сондықтан маған берілген екі сағат уақытты анағұрлым тиімді өткізуге міндеттімін. Сол себептен қатты қобалжыдым. Оксфорд студентінің алтын уақытына сай сапалы дерек ұсыну – басты мақсат. Екіншіден, университеттегі қазақ тілі бойынша кез келген сұраққа жауап беретін жалғыз ақпарат көзі мен ғанамын. Студенттер сенің әр айтқан сөзіңді мұқият тыңдайды. Сұрақты төпелетіп қояды. Олар маған қазақ мәдениетінің елшісі деп қарайды. Сабақ кезінде өзімді Қазақстанның атынан сөйлеп тұрғандай сезінемін. Сондықтан әр айтқан сөзіме асқан жауапкершілікпен қараймын. Алғашқы сабаққа студенттерден бөлек, профессорлық құрам да қатысты. Әдетте, университеттегі жаңа жобаның басталуы бәріне қызық қой. Сол секілді бірнеше факультет пен колледжде дәріс оқитын профессорлар алғашқы сабағыма қатысуға ниет танытты. Басында қобалжыған мен олардың реакциясын көріп, бойымды қуаныш кернеді. Қазақ тілі Оксфорд университетінің төрінде алғаш рет курс ретінде берілгелі жатыр. Бұл – ана тіліміздің мәртебесін асыратын керемет оқиға қой! Сондықтан көтеріңкі көңіл күймен бірінші сабақты өте жақсы деңгейде өткіздім. Бір жыл бойы әзірлеген материалдарымыздың тиімді екеніне сол кезде көзім жетті. Сабақты жіті бақылаған профессорлар да оң бағасын берді. Сабақ соңында олар «Бастама жаман емес, осы қалыппен жалғастыра беру керек» деп ақжарма тілектерін айтты.
– Оксфорд университетінің академиялық базасына кез келген курс енгізілмейтіні хақ. Расында, қазақ тілі курсының ашылуы – ғаламат жетістік. Десе де, бір жыл бойы студенттердің назарын ұстап тұру – қиын шаруа.
– Дұрыс айтасыз. Қазақ тілі курсы – элективті курс. Жоғарыда, Оксфорд университетінде түрік тілі негізгі пән ретінде оқытылатынын айтып өттім. Негізгі пән болғасын, түрік тілі сабағынан алған баға олардың дипломдарына жазылады. Сондықтан студенттер өл, тіріл, түрік тілі сабақтарына қатысуға міндетті. Жақсы ұпай жинау үшін оқуда үздік оқуға тырысады. Ал қазақ тілі элективті пән ретінде оқытылып жатқандықтан мұның бағасы дипломға түспейді. Студенттің курсқа қатысу-қатыспауы өз еркінде. Сондықтан бізге студенттерді ұстап қалу қиын. Егер студентке курс ұнамаса, ол бағдарламаны тиімсіз деп тапса, орта жолда оқудан бас тарта салады. Оларды мәжбүрлеп курсқа қатыстыра алмайсың. Олардың назарын бері бұру, түрлі әдіспен жыл соңына дейін таңғалдыру үшін материалдар өте сапалы болуы қажет. Оксфорд университетінің студенттері бәрін сезеді. Материал сапалы ма, оқытушы білікті ме, бәрін ә дегеннен аңғарып, ашық айтып отырады. Бәрі көңілінен шықса, асқан қызығушылықпен сабақты жалғастырады. Ал керісінше, көңіліне жақпаса, «Мына курс маған қажет емес» деп кетіп қалуы мүмкін.
– Сабақ аптасына қанша рет өтеді?
– Академиялық қазақ тілі курсы аптасына екі рет өткізіледі. Әр сабақ екі сағатқа жалғасады. Сабақ келесі жылдың маусым айына дейін өткізіледі. Мұндағы Оксфорд қазақ қауымдастығы сенбі сайын үйренемін деушілердің басын қосып, қазақша әңгімелесу клубын ұйымдастырады.
– Аптасына екі сабақ аз емес пе?
– Расында, екі сағат бізге жетпейді. Аптасына алты сағат болса тамаша болар еді. Біз екі айдың ішінде көп дерек беріп үлгеруіміз қажет. Базалық деңгей, грамматиканың барлығын екі айға сыйғызуымыз керек. Алайда, Оксфорд университетінің талабы солай. Онда түрік тілі он жыл бойы оқытылып келеді. Сол модель бойынша қазір әзербайжан, өзбек тілі оқытылып жатыр. Олар ілескен модель бойынша біз де қысқа уақыт ішінде ақпаратты неғұрлым сығымдап, студентке сіңімді қылып беруіміз қажет.
– Расында, саған жүктелген міндет ауыр екен. Талғамы мен талабы таудай шетел студенттерінің көңілінен шығу – оңай іс емес.
– Иә. Қазақстандағы көпшілік мұны оңай көреді екен. «Қазақ тілін пән ретінде беріп жүр. Бәрі оңай» деп ойласа керек. Олар британдық оқу жүйесі тіпті басқа, оқытушыдан көп нәрсе талап ететінін білмейді. Қазақстанда қазақ тілін пән ретінде оқыту жүйесі бөлек. Ал ағылшынтілді аудиторияда, соның ішінде Ұлыбританияда, Оксфорд университетінде қазақ тілін оқытудың қыр-сыры тіптен бөлек. Екеуін салыстыруға мүлде келмейді. Мұны осында келіп, сабақты өз көзімен көріп, материалдармен танысқан маман ғана түсінетін шығар. Ал былайша, оңай деп ойлайтындарға мұны айтып түсіндіру мүмкін емес.
– Димаштың испантілді жанкүйерлері оның өлеңін түсіну үшін жаппай қазақ тілі курсына жазылғанын жарыса жаздық. Сол секілді біздің елді сыртынан танып-білетін Оксфорд студенттері мәдениетіміз, спортқа қатысты көп сұрақ қоятын шығар.
– Академиялық қазақ тілі болған соң тілдің құрылымына қатысты көп сұрайды. «Мына жалғау мына жерде неге былай жалғанады, ал мұнда басқаша?» деген секілді сұрақ көп қояды. Әлбетте, мәдениет, әдебиет, тарихымызға қатысты сауалдар да көп. Жақында мынадай сұрақ қойылды. А1 деңгейін оқытқанымда сын есімдермен қатар түс атауларын үйреттім. Арамызда Қазақстанға, соның ішінде Алматыда бір жылдай тұрып, зерттеу жүргізген 5-6 студент бар. Олар орысша тәуір біледі. Әрі Алматының біраз жері есінде қалған. Сол сабақта олар «Алматыдағы «Көк базар» неге көк деп аталады, неге жасыл емес?» деп сұрайды. Олар ол орынның орысша «Зеленый базар» деп аталатынын жақсы біледі. Мен көк деген ұғымның астарын, ондағы мәдениетті, жалпы түс атауларына қатысты ерекшелікті, ел ішінде жасыл-желекті көк деп атайтынын жіті түсіндіріп бердім. Олар таңырқап, сұрақ үстіне сұрақ қойды. Расында, кейбір қазақша сөздерді ағылшын тіліне аудару өте қиын. Мысалы, «обал болады», «ұят болады» деген тіркестер ағылшын сөздік қорында жоқ. Сондықтан мұндай сөздерді балама емес, түрлі мысалмен түсіндіруге тура келеді.
– Қазіргі сендегі басты мақсат – пилоттық жобаны сәтті өткізіп, Оксфорд университетінің ресми бағдарламасына енгізу ғой.
– Иә. Одан бөлек, Оксфорд университетінің әдістемесі бойынша оқытатын жалғыз мені маман қылып даярлау емес, Тіл білімі институтының басқа да мамандарын жұмылдыру. Сондықтан қазір институттың басқа мамандарын тартып, оқытушы ретінде баптап жатырмыз. Көздегеніміз – Қазақстанда Оксфорд әдістемесі бойынша тіл үйрететін тәжірибелі маман қатарын көбейту. Бір жыл бойы қазақ тілі курсын бірінші болып жүргізу – маған берілген бақ. Менің орнымда басқа маман да істейтін еді. Десе де, тырнақ алды жобаны жүргізу маған бұйырғанына қуаныштымын! Желіде қазақ тілін қолдаушылар, қазақ тілінің академиялық дәрежесі, ғылымдағы дәрежесі өссе екен деген халықтың аппақ лебізін көріп, қуанып жүрмін.
– Бұл жобаны сәтті аяқтаған соң не істемек ойың бар?
– Бар мақсатым – осы жоба аясында жинаған тәжірибені Қазақстанда енгізу. Қазір елімізге осы тәжірибенің жетіспей тұрғанын сезіп жүрмін. Қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту – елде кенжелеп қалған іс. Бүгінде министр Саясат Нұрбектің бастамасымен елде әлемдегі мықты университеттердің отызға жуық филиалы ашылды. Ондағы сабақтар ағылшын тілінде жүретіні хақ. Десе де, шетелден келген студенттер Қазақстанға сіңісу үшін қазақ тілін базалық деңгейде білуге тиіс. Ағылшын тілін білмей Англияға оқуға келсең бәрі құрдымға кетеді ғой. Сол секілді Қазақстанда оқуда жүрген олардың қазақ тілін меңгергені абзал. Ал оны біз меңгерген Оксфорд методикасы бойынша оқыса, әлдеқайда тиімдірек болады. Сондықтан елге оралған шетел студенттеріне қазақ тілін оңай үйренуге барымды салсам деймін.
– Әңгімеңе рахмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ