Келешек мектептері – білім берудің жаңа дәуірі

Бүгін, 14:30 / Арайлым Жолдасбекқызы

Еліміздегі білім беру саласы жаңа кезеңге қадам басуда. Елдің түпкір-түпкірінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша заманауи білім орталықтары салынып жатыр. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жаңа форматтағы 105 мектеп бой көтерген. Ал биыл жыл соңына дейін тағы 112 мектеп пайдалануға беріледі. Осылайша, жарты миллионға жуық оқушы жаңа форматтағы мектептерде білім алуға мүмкіндік алады. Тек Астананың өзінде биыл 28 мың балаға арналған 7 заманауи мектеп ашылды. Бүгінде елордада жалпы саны 206 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның 122-сі – мемлекеттік, 77-сі – жекеменшік, 7-еуі – республикалық мектеп. Жалпы қамтылған оқушылар саны 310 мыңнан асады.

Білім беру беру жүйесі кейінгі 20 жыл­­да едәуір ілгеріледі, бірақ кей­бір мек­­­­­тептердің инфрақұрылымы ескірген, жаңа технологиялық форматтар жетіс­пей­ді. Балаларға заманауи сыныптар, лабора­то­риялар, спорт залдары, STEM және IT ка­би­неттері қажет болды. Осыған орай 2019-2020 жылдары Қазақстан Үкіметі «Бі­лім беруді жаңғырту жол кар­тасы» және «Цифрлы Қазақстан» бағ­дар­ла­маларын іс­ке қосты. Аталған бағдарла­ма­лар аясын­да заманауи мектептер же­лісін құру идея­сы туындады, ол кейін «Ке­лешек мек­теп­тері» жобасы ретінде рес­ми бекітілді. Мұн­дай мектептердің мақ­саты – оқу­шы­ларға жаңа білім беру технологияларын ен­гізу, сапалы білім беру мүмкіндігін арт­тыру және мектеп инф­ра­құрылымын то­лық цифрландыру. Бұл жаңа білім ошақ­тары орын тапшылығын жоюмен қатар ауыл мен қала арасындағы білім алшақ­ты­ғын қысқарту, балаларға қауіпсіз әрі тех­нологиялық орта қалып­тастыру мақ­са­тында тұрғызылып жатыр. Сондай-ақ бұл – білім беру инфра­құры­лы­мы­ның де­мог­рафиялық өсімге жауабы ға­на емес, ұлт­тық деңгейдегі білім теңсіз­дігін азай­туға жасалған қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби ма­ман» тақырыбындағы тамыз конфе­рен­ция­сында сөйлеген сөзінде: «Кейінгі жыл­дары бұл бағытта ауқымды жұмыс ат­қа­рыл­ды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 
1 мил­­­лионнан астам оқушыға арналған 
1 200 мектеп ашылды. «Келешек мектеп­тері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспар­лан­ды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қо­рының қаржысына 60-тан астам мек­теп ашылды. 
Та­­ғы 30-ға жуығы са­лынып жа­­­тыр», – деді. 

«Келешек мектебі» қандай мектеп? 

Сәтті жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» заманауи та­лапқа сай, тегін әрі сапалы білім алуға то­лық мүмкіндік береді. Жоба тек ма­териалдық-техникалық базаны нығай­туды емес, шығармашылық пен зияткерлік қабілетті дамытуға ықпал ететін жаңа ұр­пақ мектебін қалыптастыруды көздейді.
Былтыр пайдалануға берілген ал­ғаш­қы 105 жаңа форматты мектеп­тің 40 пайызы ауылдық елдімекендерде са­лынған. Биыл 112 мектептің құрылысы аяқ­талады деп жоспарланып отыр. Осы­лайша, екі жылдың ішінде еліміздің түп­кір-түпкірінде 460 мың оқушы жаңа үл­гі­дегі мектептерде білім алатын болады. 
Өңірлердегі демографиялық өсімге сай білім инфрақұрылымын кеңейту – жоба­ның басты міндеттерінің бірі. Сондықтан бұл жоба ең алдымен халық тығыз қоныс­тан­ған және мектепте орын тапшылығы Ал­маты, Астана, Шымкент секілді ірі қа­лаларда, сондай-ақ Түркістан, Алматы, Маң­ғыстау облыстарында іске қосылды. 
Биыл 1 қыркүйекке дейін Астанада 14 мыңнан астам оқушыға арнал­ған 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Со­ның бірі – №117 мектеп. 
– Бұл мектепте балалардың жайлы оқуы үшін барлық жағдай жасалған. Ерек­ше қажеттілігі бар балаларға физиотерапия жүргізуге арналған кабинеттер, дефекто­лог және психолог кабинеттері ашылады. Мек­тепте шамамен 100 кабинет бар, – деді №117 мектеп педагогтарын іріктеу комис­сия­сының төрайымы Айгүл Біржанова. 
Былтыр Астанада «Келешек мектеп­тері» ұлттық жобасы бойынша 16 жаңа мек­теп бой көтерген болатын. Олар оқу­шы са­ны көп аудандарда біртұтас зама­науи стан­дарт бойынша салынды.
– Есіл мен Нұра – Астананың ең қар­қын­ды дамып келе жатқан аудандары. Сол се­бепті осы жерде мектептер салуға баса назар аударылды. Қазір қаламызда үш ауы­сым­да оқитын 2 мектеп бар және 7 мек­теп­те оқушылар саны көп. Жаңа мектептер пайдалануға берілгеннен кейін бұл мәселе ше­шіледі деп күтеміз. Елордадағы оқу­шы­лар саны өсіп жатыр. Тек соңғы бір жылда олар­дың саны шамамен 20 пайызға артты, – деді Астана қаласы Білім бас­қар­масының білім беру ұйымдарын қам­та­ма­сыз ету бөлімінің бас маманы Сұлтан Иманджан. 
«Келешек мектептері» – атына сай, бо­лашаққа бейімделген кеңістік. Мұнда оқу­шы мен мұғалімге алаңсыз еңбек етуге ың­ғайлы жағдай жасалған. Қауіпсіз, эрго­номикалық ортаның қалыптасуы да – жо­баның негізгі қағидасы. Мұндай мектептер буллинг секілді жағымсыз қылықтармен күре­су­ді де ескереді. Сондықтан мектеп құры­лы­сын жобалағанда кеңістіктердің барын­ша ашық болғаны, қалтарыс-бұлтарыс жер­лердің болмауы ескеріледі. Ал қа­быр­ғалары айна тәрізді беткі қабаттармен қапталады. 
Оқушы мен мұғалімдердің тынығуына ар­налған арнайы «тыныш аймақтар» қа­растырылған. Мұндай бөлмелерде жарық бә­сеңдетіліп, жүйке белсенділігін қалпына кел­тіруге жағдай жасалады. Бұл – оқушы­ның психикалық саулығына көңіл бөлу мәдениетінің жаңа үлгісі. 
Жаңа мектептер санитарлық-эпи­демиологиялық талаптарға то­лық сай. Температура, жарықтандыру, ара­­­­­қашықтық тәрізді көрсеткіштерге дейін реттелген. Қауіпсіздік жүйелері кү­шейтілген: толық бейнебақылау, өрт сөн­діру және эвакуация стандарттары біріз­дендірілген. Бастауыш және жоғары сы­нып оқушылары бө­лек блокта оқиды. Бұл – оқу үрдісін барынша тиімді етуге әрі тәртіп сақтауға сеп.
«Келешек мектептері» арқылы елімізде алғаш рет барлық балалардың, оның ішін­де ерекше қажеттілігі бар оқушылардың бір мектепте оқуына мүмкіндік туды. Рес­ми дерек бойынша, Қазақстанда шамамен 200 мың мектеп жасындағы мүмкіндігі шек­теулі бала бар. Бұрын олардың көбі үй­де немесе бөлек оқитын. Енді «Келешек мек­тептерінде» пандус, лифт, арнайы көр­сеткіштер, дефектолог, логопед, психолог кабинеттері толықтай ерекше балалармен жұмыс істеуге дайын. 
Жаңа мектептердің аумағы ескі типтік ғи­мараттардан 15-20 пайызға үлкен. Өйтке­ні «Келешек мектептері» жаңа оқу тех­ни­каларымен оқитындықтан, ескі стан­дарт­тағы мектеппен салыстырғанда ондағы тех­никалық жарақтану деңгейі 4 есе жо­ғары. «Келешек мектептері»  – тек ғимарат қа­на емес, жаңа буын қоғамын қа­лып­тас­тыруға бағытталған ұлттық ин­вес­тиция. Робототехника кабинеттері, STEM-зерт­хана, коворкинг орталығы, хореография залы, кітапхананың жаңа форматы, төрт спорт залы, алғашқы әс­кери дайындық алаңы – мұның бәрі оқу­шының қабілетін ер­те жастан анықтап, дамытуға арналған. Мә­селен, STEM-зерт­хана дегеніміз – Science, Technology, Engineering and Mathematics бағыттарын бі­рік­тіретін жаңа оқыту тәсілі. Яғни, STEM ар­қы­лы оқу­шы­лардың сыни ойлау қабілеті да­миды, мә­селені шешуге шығармашылық тұр­ғыдан қарау дағдысы қалыптасады. Бұл әдіс оқу­шыларды теориялық білімді өмір­мен бай­ланыстыра отырып оқуға баулиды. Бұрын­дары бала «синус пен косинустың өмірде қандай қажеті бар?» деп ойласа, бү­­гін осы сұрақтың жауабын табады. Жыл­дар бойы алған білімін өмірде қалай қол­дану керегін мектептен үйреніп шығады. Бұрын тек дарынды балаларға арналған мектеп оқушылары ғана көрген озық әдіс­тер­ді енді шалғай ауылдың балалары да кө­­ріп, меңгере алады. Бұдан бөлек, жоба­ның негізгі басымдықтарының бірі – оқушыларға ерте кәсіби бағдар беру. Олар 7-сыныптан бастап бейіндік оқыту, тәлім­гер­лік жүйе және жеке білім беру курс­тарын оқиды. Ол үшін арнайы «Мансап ком­­пасы» атты цифрлық платформа әзір­­ленді. Цифрлық жүйеге еңбек нары­ғы­на ең қажетті мамандықтар тізімі ен­гізілген. Әсіресе, жұмысшы маман­дық­тар­ға басымдық беріліп отыр. Осы орайда мек­­тептерде алғаш рет кәсіби бағдар беру­­­ші педагог лауазымы бекітілді. 
– Оқушының берген жауаптарына сәй­кес қандай мамандыққа бейімі бар еке­ні айқындалады. Платформада сол ма­мандық туралы ақпарат алады. Ол маман­дық­ты қайда оқытады, оны аяқтағаннан кейін қайда барып жұмыс істей алады де­ген сұрақ­тарға жүйелі жауап ала алады, – деп түсіндірді Ы.Алтынсарин атындағы ұлт­тық білім академиясының вице-пре­зи­ден­ті, педагогика ғылымдарының кандидаты Анар Тәңірбергенова.  

Жасанды интеллект – «Келешек мектебінің» жүрегі

Жаңа форматтағы білім орда­ларын­да жасанды интеллект маңызды рөл атқарады. Бұл технология тек оқу құралдарын жаңарту емес, білім беру философиясын түбегейлі өзгертуге бағытталған. Жасанды интеллект оқушы­ның қабілетін, қызығушылығын және оқу қарқынын талдай отырып, әр балаға жеке білім траекториясын құра алады. Мұндай тәсіл арқылы оқушының әлсіз тұ­с­тары ерте анықталып, оған арнайы тапсырмалар ұсынылады. Яғни, жасанды интеллект білімді жекелеген оқушы деңгейіне бейімдейді. 
Бүгінде «Келешек мек­теп­терінде» AI элемент­те­рі бар цифрлық ше­шім­­дерді білім беру про­це­сіне тәжірибелік тұр­ғы­да енгізу сынақтан өт­кізілуде. Сабақтар оқу­шылардың жас ерек­ше­ліктеріне сай ұйым­дас­тырылады. Мәселен, бас­тауыш сыныптарда тү­­­­сіндіру ойын және көр­не­кілік әдістері арқылы жүр­гізілсе, жоғары сыныптарда оқу­шылар чат-боттар құру, де­рек­терді талдау және этикалық жағ­дайларды шешу сияқты жобалық тапсырмаларды орындайды. Мұндай тәсіл сыни ойлауды, цифрлық сауаттылықты және технологияларға саналы көзқарасты дамытуға үйретеді. 
AI тақырыптары еліміздің бірнеше мек­тебінде, соның ішінде Астана қала­сын­дағы №101 «Келешек мектебінде» пилот­тық негізде қолданысқа енгізілді. Білім оша­ғында жасанды интеллектпен жұмыс іс­теуге арналған заманауи цифрлық құ­рал­­дар мен әдістер сынақтан өтіп жатыр. Бі­лім беру ортасына кезең-кезеңімен Roqed AI, Aqyl, Google Workspace for Education және жасанды интеллект негізіндегі Kahoot сияқты шешімдер енгізілуде. Атал­мыш құралдар оқушылар мен мұғалімдер- дің сенімді көмекшісіне айналып отыр. Олар­дың қолданылуы білім беруді көр­не­кі, интерактивті және әр оқушының жеке қа­жеттіліктеріне бейімделуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект элементтері бар технологиялар цифрлық дағдыларды да­мытуға, мұғалімдерді оқыту үдерісін ұйым­дастыруға және оқушы­лар­дың за­манауи білім беру тәсілдеріне деген қызы­ғу­шылығын арттыруға ықпал етеді. 
Енді мұғалімдер бұрынғыдай бала­лар­дың бақылау жұмысын тексеріп отыр­май­ды. Бағдарламадағы AI көмекшілер әр пән бойынша сұрақ дайындап, оны тексеріп, оқу­шылардың алған балын өздеріне жі­береді. Ал білім алушылар дайындаған пре­зентациялар Google past жүйесімен тек­серіледі. Тапсырма ChatGPT-ден көші­рілді ме әлде оқушы өзі ізденіп, дайындады ма, бәрін жасанды интеллектінің көме­гі­мен осы бағдарлама анықтап береді. 
Жалпы, №101 «Келешек мекте­бі­нің» ашылғанына – 1 жыл. Ұжым аз ғана уақытта 7 инновациялық жобаны қол­ға алған. 4 жарым мың шәкірт тәрбие­леп, елдегі үздік білім ошағының сапына енді. 
– Мектеп бағдарламасына жасанды интеллектіні енгізу бойынша бізге Алтын­сарин атындағы Ұлттық білім академиясы көмектесіп жатыр. Мұғалімдер арасында осы бағытты жетілдіру бойынша жұмыс тобы құ­рылды. Информатика, математика сын­ды пәндер ғана емес, педагог жұмысын жеңілдету үшін барлық сабаққа енгізуді көз­деп отырмыз. Әзірге сынақ режимінде. Сәт­ті өтсе, өзге де білім ошақтарына ұсы­ны­лады, – деді қалалық №101 орта мектеп директоры Алма Жұмабекова. 
AI – «Келешек мектептерінің» құры­лы­сын ғана емес, білімнің мазмұнын өз­гер­тетін негізгі күш. Ол оқушыны жай бі­лім алушы ретінде емес, жеке тұлға ретінде та­нуға жол ашады. Жаңа мектептер – тех­нологиялық ғимарат қана емес, интеллек­туал­ды орта. Болашақта бәсекеге қабілетті ұрпақ қа­лыптастырудың берік негізі дәл осы жер­де қаланбақ.
– Жасанды интеллект қазір тек оқыту құралы ғана емес, сонымен қа­тар мұға-лімнің көмекшісі, оқушының серік­тесіне айналуда. Біз технологиялар ойлау, ком­муникация және жеке жауап­кершілік дағдыларын дамытуға қызмет ететін білім беру ортасын қалыптастырып жатырмыз, – деп атап өтті Ы.Алтынсарин атын­дағы Ұлттық білім академиясының же­текші сарапшысы Әсем Сарыбекова.
«Келешек мектептері» жобасы – елдегі білім беру жүйесін түбегейлі жаңартуға ба­ғытталған стратегиялық бастама. Оның ең басты ерекшелігі – мектепті жай ғана білім беретін орын емес, баланың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын орта ре­тін­де қарастыратыны. 

Қорыта айтқанда, «Келешек мектептері» тек жаңа ғимараттар емес. Бұл – білім беру философиясының өзгеруі. Жоба арқылы мектеп қабырғасында әр бала өз орнын тауып, еркін ойлап, мақсат қоюды және сол мақсатқа жету жолын үйренеді. Бұл – елдің болашағына салынған ең үлкен инвестиция.

Тэгтер:

мектеп білім беру келешек мектептері