Қазір гаджеттер мен интернетсіз өмірді елестету қиын. Ақпаратқа қолжетімді болып, цифрлық технологиялар күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Алайда бұл игіліктердің көлеңкелі жағы да бар. Адамдар күн сайын қысқа видеолар мен суреттерді көру арқылы шынайы қарым-қатынастан алыстап, виртуалды әлемге тәуелді болып барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кейінгі жылдары ақпараттық технологиялардың адам психикасына әсерін зерттеп, бірнеше жаңа диагноз енгізді. Олардың қатарында цифрлық аутизм, цифрлық дамудың кешігуі және цифрлық тәуелділік ұғымдары бар. Біз бүгін өзекті мәселеге айналған цифрлық аутизм ұғымына тоқталмақпыз.
Мәселен, дәстүрлі аутизм адамның әлеуметтік әрекеттесу дағдыларының бұзылуы болса, цифрлық аутизм – смартфон мен интернеттің әсерінен адамның шынайы қарым-қатынасқа бейілдігін жоғалтуы. Яғни, бала немесе жасөспірім өзге адамдармен байланыс орнату қабілетін жоғалтып, тек гаджет арқылы өмір сүруге бейімделеді. «Виртуалды аутизм» терминін алғаш рет 2017 жылы румын психологы Мариус Замфир қолданды. Шетелдік маман «5 сағаттан артық телефон қараған баланың бойында аутизмнің белгілері пайда болады» дейді. Бірақ академиялық және клиникалық қауымдастық бұл терминді біркелкі қабылдамаған. Кейбір зерттеушілер бұл феноменді назарға алса, басқалары шынайы аутизм диагнозымен шатастырмау керек екенін ескертеді.
Иә, «цифрлық аутизм» ресми диагноз емес, бұл термин экранға ұзақ уақыт бойы тәуелді болудың әсерін сипаттау үшін қолданылып жүр. Оның ішінде баланың ата-анамен өзара қарым-қатынасының азаюы, көпшілікпен байланыстың төмендеуі, ойын арқылы эмпатия және тіл дағдылары дамуының тежелуі сияқты белгілер айтылуы мүмкін. Бірақ бұл белгілер нақты аутизм спектрінің биологиялық және нейрологиялық себептерімен бірдей емес. Яғни, «цифрлы аутизм» терминін қолданғанда сақ болу керек, ол көбіне мінез-құлық ұқсастықтарын сипаттайды, ал себептер күрделірек болуы мүмкін.
Иә, бұрын адамдар білім мен тәжірибе алмасу үшін кітапханаға барып, қоғамдық ортада пікір алмасатын. Қазір кез келген ақпаратқа смартфонын бір сипап қол жеткізуге болады. Бірақ бұл дағдыларды жеңілдеткенімен, ақпаратты терең түсіну мен талдау қабілетін төмендетеді. Қысқа әрі тез тұтынатын контентке үйренген адам терең ойлануға, ұзақ мәтінді оқуға немесе күрделі мәселені шешуге қызықпайды. Жасөспірімдер мен жастар – интернет пен гаджеттерге ең бейім буын. Олар виртуалды кеңістіктегі жалған жетістік, лайк пен пікір үшін өмір сүруге көшкен. Бұл өз кезегінде шынайы өмірдегі қиындықтарға төтеп беру қабілетінің төмендеуіне, жалғыздық сезіміне және психологиялық күйзеліске әкеліп соғуы мүмкін. Нәтижесінде, виртуалды әлемге еніп кеткен бала шынайы өмірде өзін жайсыз сезінеді.
Сенатордың секемі
Былтыр сенаторлар «цифрлы аутизм» мәселесіне алаңдап, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына депутаттық сауал жолдаған еді. Соның ішінде Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп: «2022 жылы Алматыда 50 мың бала дүниеге келген. Солардың арасында шала туған нәрестелердің 400-ге жуығынан ретинопатия – көздің тор қабығының дамымауы анықталған. Есту қабілеті бұзылған 44 сәби тіркелген. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарасақ, аутикалық спектр ауытқушылығы бар балалардың көрсеткіші 13 пайызға өсіп отыр. Ғалымдардың айтуынша, аутизм – «ХХ ғасырдың обасы». Ал цифрлық аутизм – ХХІ ғасырдың дерті», – дейді өз сөзінде. Оның айтуынша, қазір дүниежүзінде, соның ішінде Қазақстанда «цифрлық аутизм» белгілері байқала бастаған. Яғни, смартфонды ұзақ ұстайтын балалар есте сақтау, көру, сөйлеу қабілетінен айырылып, өз бетінше ойлау, ұзақ мәтіндерді қабылдау, айналаға назар аударуы қиындады. «Өйткені ата-ананың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Оқушы балалардың 40 пайызының өз аккаунты бар. Осындайдың салдарынан балалар аулаға шығып ойнамайды, бұған онлайн оқу қосылды. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді. Кибермания сұмдық жылдамдықпен өрістеп жатыр. «Цифрлық тәуелділік» деген диагноз халықаралық аурулар классификациясына еніп отыр. Цифрлық аутизм, цифрлық ақыл-ес кемдігі, фейсбук-депрессия, цифрлық қальцгеймер, цифрлық теңіз ауруы ресми болмаса да тіркелді. Онлайн ойындарға тәуелділікті де осы қатарға жатқызуға болады», – деп дабыл қаққан еді депутат. Осыған орай сенатор цифрлық аутизмнің алдын алу үшін Үкіметке бірнеше ұсыныс тастаған еді. Атап айтсақ, жаңа туған нәрестелерді жаппай ретинопатия және аудиологиялық скринингтен өткізудің сапасына мән беру, логопед, офтальмолог мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант санын көбейту, Қазақстан мектептеріне «Бабалар сөзі» 100 томдығына кірген қазақтың жыр-дастандары мен термелерін жаттатып үйретуді енгізу және киберманияның зияны туралы Қазақстан мектептері мен мектепке дейінгі дайындық мекемелерінде ата-аналар комитеті, ата-аналармен жұмыс істейтін түрлі қоғамдық ұйымдар қызметін жүйелі түрде ұйымдастыру.
«Әрине, ғылым мен техника жетістіктері осы салада жатыр. Әйтсе де, компьютер мен смартфонға «басымен кіріп кеткен» жас ұрпақты сақтандыру амалы бар ма? «Касперский лабораториясы» ата-аналар бақылауы деген функция енгізді. Қауіпті контенттерді шектейтін амалдар бар. Жапония мен Франция, Қытай заңнамасы не дейді? Былтыр Жапонияда интернет пен бейне ойындарды күніне бір сағатқа шектеу туралы шешім шығарылған. Франция мемлекеті де бұл қауіптің алдын алуға әрекет жасауда. Қытайда киберкеңістік мәселелерін реттеу шаралары қолға алынған. Алайда тыйым салумен іс біте ме?», – дейді сенатор.
Смартфонға салынған тыйым
Еске салсақ, 2024 жылғы қарашада Мәжілісте оқушылардың сабақ үстінде смартфон қолдануына заңмен шектеу қойылған болатын. Бұл шара білім беру процесінің сапасын жақсарту мен тәртіпті күшейтуге бағытталған еді. Осы ретте қай елдерде мектепте смартфон пайдалануға заңмен немесе кең көлемде тыйым салынғанын анықтауға тырыстық. Оқушылардың сабақта смартфон пайдалануына шектеу қою – бүгінде әлемнің көптеген елінде бар саясат. Бұл шешім балалардың оқу нәтижесін, зейінін, психикалық және әлеуметтік саулығын қорғау мақсатында қабылданған. Мәселен, Франция 2018 жылы білім беру жүйесінде мектепте смартфондарды (сонымен қатар планшет, смарт-сағат сияқты құрылғыларды) пайдалануға толық тыйым салды. Бұл тыйым бастауыш және орта мектептегі оқушыларға – шамамен 3‑15 жас аралығын-дағыларға қатысты болды.
2024 жылдан бастап Нидерландының бастауыш және орта мектептерінде смартфон, планшет және смарт-сағаттарды пайдалануға тыйым салынған. Бұл тыйым тек сынып ішінде емес, жалпы мектеп аумағында және сабақ кестесінде алынып, арнайы ұяшыққа қойылуға тиіс болды. Сондай-ақ Италияда мобильді телефондарды балабақшадан бастап орта мектепке дейін сабақ барысында пайдалану шектелген. Бұл шешім министрлік деңгейінде қабылданған. Бұл елде смартфондар тек арнайы жағдайларда, мысалы индивидуалды білім қажет ететін оқушыларға немесе мұғалімнің рұқсатымен ғана қолданылуы мүмкін. Ұлыбританияда заң жүзінде тыйым болмаса да, көптеген мектеп өздеріндегі ішкі ережелер арқылы смартфондарға шектеу қойып келеді. Дәл сол секілді Аустралияның кейбір штаттарында мектептерде телефонды сабақ кезінде жабық күйде қалдыру немесе мектепке әкелмеу туралы ережелер бар. Ал Бразилия осы жылы федералдық деңгейде мектептерде смартфондарды шектеу туралы заң қабылданды. Телефон тек төтенше жағдайларда, оқу немесе денсаулық мақсатында ғана қолданылуы мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, смартфондар сабақ кезінде алаңдаушылық пен концентрацияның төмендеуіне әкеледі. Ұзақ уақыт экран алдында болу балаларда көз, ұйқы, көңіл-күй, эмоционалдық тұрақтылық сияқты проблемалар туғызуы мүмкін. Сондай-ақ кибербуллинг қаупі азаяды. Кей зерттеулер телефонсыз мектеп климатында сынып ішіндегі коммуникация жақсарғанын, студенттердің бір-біріне көмектесіп, бірге іс атқаруға белсенді болғанын көрсеткен. National Bureau of Economic Research-тің биылғы зерттеуінде АҚШ-тың Флорида штатындағы мектептерде телефонды толық тыйым салғаннан кейін оқушылардың емтихан нәтижелері мен сабаққа қатысу көрсеткіштері айтарлықтай жақсарғанын көрсетті. Сонымен қатар Auburn университетінің әлеуметтік жұмыс факультетінің зерттеушілері телефонсыз мектеп тәжірибесін талдай келе, оқушылар мен мұғалімдер арасында әлеуметтік қарым-қатынас пен ынтымақтастықтың артқанын байқаған. Сондай-ақ сабақтағы алаңдаушылық азайып, сыныптағы тыныштық пен зейіннің сақталуы оң әсер берген.
Жаңа заң талаптары қандай?
Жоғарыда айтып өткеніміздей 2024 жылы «Білім туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді мектеп оқушыларына сабақ кезінде ұялы телефон пайдалануға тыйым салынды. Заңның 47-бабы 10-1 тармағында нақты көрсетілгендей: «Оқу мақсаттарында қысқамерзімді оқу жоспарларында көзделген жағдайларды қоспағанда, орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу процесі кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануына жол берілмейді». Бұл жаңалық осы жылы нақтыланып, жауапкершілік ата-аналарға жүктелетін болды. Егер бала сабақ үстінде телефон ұстап, оны пайдалану арқылы оқу процесіне кедергі келтірсе, ата-анасына әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабына сәйкес, егер ата-ана баласының білім беру саласындағы міндеттерін тиісінше орындамағаны анықталса, 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл төлейді. Бұл 2025 жылғы есеппен 19 660 теңге. Егер бұл жағдай бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке дейін өсіп, 78 640 теңгеге жетеді. Алайда бірінші рет ата-анаға ескерту жасалады. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, әкімшілік істі тіркеу және хаттама толтыру жұмыстарын білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жүргізеді. Мемлекет білім беру үдерісіне кедергі келтіретін факторларды азайтуға және оқушының бар назарын оқуға аударуға басымдық беріп отыр. Ұялы телефонның алаңдататын құрал екенін ескерсек, бұл шара оқушылардың тәртібін жақсартып, сабаққа деген зейінін арттыруы мүмкін.
Мәжіліс депутаты, бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларына смартфон қолдануға шектеу қою мәселесін жиі көтеріп келеді. Ол бұл тақырыпты тек пікір түрінде емес, нақты ғылыми зерттеулер мен әлемдік тәжірибе негізінде қозғап отыр. Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жазбаларында бірнеше елде жүргізілген рандомизацияланған зерттеулерге сілтеме жасап, смартфонды шектеудің білім сапасына оң әсер ететінін нақты мысалмен дәлелдейді. Оның айтуынша, бір сыныпта оқушыларға смартфон қолдануға тыйым салынған, ал екіншісінде бұрынғыдай рұқсат берілген. Нәтижесінде, смартфон қолдану шектелген сыныптағы оқушылардың үлгерімі, әсіресе академиялық көрсеткіші төмен оқушылардың білім деңгейі айтарлықтай жақсарған. «Назарды алатын факторлардың жойылуы тіпті орта деңгейлі мұғалімді өте жақсы маманға айналдырғандай нәтиже берді», – дейді депутат. Мұндай қорытындылар тек бір елмен шектелмейді. Мұндай нәтижелер Норвегия мен Ұлыбританияда да байқалған.
Асхат Аймағамбетов Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері сияқты таңдаулы білім ордалары смартфон қолдануға шектеу енгізіп отырғанын атап өтті. Алайда көптеген мектеп бұл қадамға баруға асығар емес. «Неліктен өзге мектептер әлі күнге дейін заңмен берілген мүмкіндікті пайдаланбай отыр? Зерттеулер жетерлік. Енді тек нақты шешім қабылдайтын көшбасшылық қажет. Бұл – тек тәртіп емес, оқушының зейіні, денсаулығы мен мінезіне де тікелей әсер ететін мәселе», деп ашық сұрақ қойды депутат.
Мамандар пікірі
Мамандар телефонды тек сабақ кезінде ғана шектеу жалпы проблеманы шешпеуі мүмкін екенін айтады. Егер оқушылар сабақтан тыс уақытта да көп уақытын смартфон қараумен өткізсе, тыйым олардың жалпы экран уақытын азайтуға көмектеспейді. Яғни, мектеп шеңберінде телефонсыз болу – бір нәрсе, бірақ баланың күнделікті өміріндегі пайдалану әдетін өзгерту – мүлде басқа. 2023 жылғы жүйелі шолу мен мета-талдауда экран уақыты мен аутизм арасындағы екіжақты байланысқа арналған көрсеткіштер қаралды. Кейбір зерттеулерде экран уақыты аутизм белгілерін күшейтуі мүмкін деп табылса, басқа зерттеулерде аутизмі бар балалардың бастапқыда әлеуметтік-коммуникативтік қиындықтары болғандықтан экрандарға жиі жүгінетіні байқалған. Яғни, байланыс екіжақты болуы ықтимал. Бұл мәселені шешу үшін ұзақмерзімді зерттеулер қажет. Соңғы жылдардағы бірқатар өңірлік зерттеулер де дәл осындай қорытынды шығарып отыр. Экранға ерте және ұзақ уақыт тәуелді болу кейде «виртуальды аутизмға» ұқсас мінездердің пайда болуына ықпал етуі мүмкін, дегенмен халықаралық қауымдастық бұл ұғымды ресми түрде қабылдаудан сақтанады.
Америкалық педиатриялық академия 2016 жылдан бастап экран уақыты бойынша кеңес берген еді. Онда 18 айға дейінгі балаларға экраны бар құрылғыларды ұстатпау, 2-5 жас арасында жоғары сапалы мазмұнды контентті күніне бір сағатқа дейін ата-анасымен бірге қарау, үлкенірек балаларға мазмұн мен контекстке қарай жеке отбасылық медиа-ережені қалыптастыру ұсынылды. Бұл академия кейінгі жылдары нақтылы уақыт шектеулерінен гөрі «медиа қолдану тәртібі» мен мазмұн сапасына көңіл бөлуді ұсынып отыр.
Ми адамның дене салмағының бар-жоғы 2 пайызын ғана құрайды. Бірақ барлық энергияның 20 пайызын жұмсайды. Балаларда бұл көрсеткіш 40 пайызға тең. Ал ас қорытуға небәрі 8-15 пайыз ғана энергия керек. Сонда күн сайын біздің миымыз кемі 500 ккалория жұмсайды. Алайда біз көбіне жұмыс барысында назарымызды көбірек телефонға бөлеміз. Кейде жұмыстан демалу үшін гаджет қараймыз. Бірақ ғалымдардың айтуынша, смартфонға қарағаннан адам демалмайды. Керісінше, ми смартфонға қараған сайын энергияны көбірек алады. Осылайша, мидың 80 пайыз жұмысы телефондағы пайдасыз ақпараттарға жұмсалады. Соңғы жылдары «сандық детоксикация» деген ұғым пайда болды. Яғни, адамдар цифрлық технологиялардан саналы түрде белгілі бір уақытқа бас тартады. Ағзаны зиянды, улы қалдықтардан құтылу үшін «детоксикация» жасалынатын болса, ми, ақыл-есті қажетсіз ақпараттардан арылту үшін де осы әдіске жүгінеді. Смартфоннан тәулік бойы бас алмайтын, теле-фоннан бір сәтке көз жазса мазасызданатын адамдар осы тәсіл арқылы шынайы өмірге орала алады. Қазір тіпті адамдардың «цифрлы тәуелділігіне» қарсы күресетін арнайы курстар да пайда болған.
Түйін:
Технология қарыштап дамыған сайын түрлі терминдер қолданысқа еніп жатыр. Мәселен, номофобия деген ұғым бар. Бұл адамдардың байланыссыз қалудан қорқуы. Үйде смартфонын ұмытып кеткен адам осындай мазасыздықты бастан кешеді. Бұл термин 2008 жылы пайда болып, 2018 жылы Кембридж сөздігіне енген. Ал әлеуметтік желідегі ақпараттардан хабарсыз қалудан қорқатындар – фомофобияға ұшырағандар. Бұл термин де 2013 жылы ресми түрде Оксфорд сөздігіне енген. Мұндай психологиялық дертке душар болғандар әлеуметтік желі қолданушыларының жылы сөзі мен жағымды пікіріне мұқтаж. Ғалымдар бұл ахуал туралы «ХХІ ғасырдағы ең ауыр тәуелділіктің бірі болуы мүмкін» деген болжам жасаған. Тіпті, оны психикалық ауытқу ретінде диагностикалық емдеуге тіркеуді ұсынған. Осылайша, медициналық терминдердің ресми тізіміне кірмесе де, қоғамда «цифрлы аутизм» дерті белең алып барады. Әсіресе, бүлдіршіндердің цифрлы аутизмге шалдығуы көп кездеседі. Жалпы, аутизмнің 98 түрі бар. Бірақ аутизм дәрі ішіп емделетін ауру емес. Цифрлы аутизмды да емдеудің нақты тәсілдері жоқ. Тек бұл дерттің алдын алуға болады. Мысалы, Еуропада цифрлы аутизмге шалдыққан баласымен ата-аналар тек смартфонда сөйлеседі. Гаджетте баласымен бірге түрлі ойындар ойнап, жақындай түседі. Белгілі бір уақыт өткенде ғана виртуалды әлемнен оралып, балаларын сыртта футбол ойнауға шақырады. Бірақ баланың өмірінен смартфонның үлесін азайту көп еңбекті талап етеді.
Иә, цифрлы технологиялар адамзат өмірін жеңілдетіп, жаңа мүмкіндіктер ашты. Бірақ оны шектен тыс пайдалану әлеуметтік дағдылардың жойылуына, психикалық денсаулықтың нашарлауына және тұтас бір буынның виртуалды шындықпен өмір сүруіне әкелуі мүмкін. Сондықтан ғаламтор мәдениетін қалыптастырып, интернетті қауіпсіз және тиімді пайдалану мәдениетін үйрету бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр.
Наурызбек САРША