Домбыра пірі жебеген ақын

Бүгін, 14:00 / Túrkіstan International Political Weekly

Қаныштай түзу ұста көштің басын,
Ұрпағың бір-біріне қас қылмасын.
Төсінде аз күн сайран құрғаныңмен,
Түбінде қара жердің астындасың, –
деп «Қаныш» поэмасында ағынан ақ­та­рыл­ған ақын Несіп­бек Айтұлы өзі жырлаған Қа­ракерей Қабанбай бабасының қасына ба­рып жантайғанына да екі жылдың жүзі бо­лып­ты. Кім біледі, өмірден озарын сезді ме екен, ақын ағамыз соңғы жылдарда әл­де­неге асыққандай шабытын үдетіп, ша­мыр­қанып, өрге шапса озатын өрен жүй­рік­тей  өр­шелене түсті, жемісті, өрісті, өнім­ді еңбек етті.  Аманкелді батыр, Қабан жы­рау, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан, Қа­ныш, ғарышкер Тоқтар батыр, Көкжайдақ тұл­пар тура­сында іркес-тіркес жеті поэма жа­зып, шашасына шаң жұқ­тырмай, тұлпар қа­ламы самғап, сұңқар үні  саң­қыл­дады. 

Ағамыз көптен бері аяқтай алмай жүр­ген «Мағжанның жұмбақ құсы» поэмасына да нүкте қойды. 
Мағжанды бәлкім жын қақты?
Жын қаққан емей немене,
Қуықтай ғана қуыстан,
Құйттай құс келіп тіл қатты:

– Ей, Мағжан ақын, барсың ба?
Түстім деп мұнда қорсынба.
Маңдайға Тәңір жазған соң,
Түрменің түбін тарсынба!

Аңсайсың бекер кеңдікті,
Алдыңда жүрер жол бітті.
Түрме де сенің өз үйің,
Көрсеткен азап, қорлықты...
2012 жылы Қызылжар қаласында Мағ­жан ақынға ескерткіш қойылады. Бұл ша­раға республикадан келген ығай-сы­ғай­лар­мен бірге Несағаң да қатысады.  Ескерт­кіш­тің шымылдығы да ашылады, оркестр сал­танатты күй орындауда, адамдар гүл­шо­ғын әзірлеп әлек, сол кезде, астапыралла, қызықты қараңыз, перде түрілісімен ұлы ақынның басына белгісіз бір жұмбақ құс келіп қона қалады. Зиялылар гүл қойып, ал­қалы жиында сөз сөйлейді, музыка үдеп жал­ғаса береді. Салтанат аяқталғанша әлгі қа­сиетті аққұс Мағжанның басынан ұш­пай, ештеңеден үрікпей,  жиын тарағанда да қала береді. Бұл жайтты көзімен көр­ген­дер таңғалады, фотосуретке түсіріп алып Не­сағаңа береді. Қажымұрат Нағыманов, Қуат Есімханов секілді қайраткер достары ақын ағамызға бұл құпия құстың жұмбағын шешіп, жыр жазуды өтінеді. Бұл халыққа шын мәнісінде Мағжанның рухының оралуы секілді әсер қалдырады. Әлбетте, ақын ағамыз поэмасын сол кездің өзінде бас­тап қойғанымен аяқтай алмай ұзақ жүр­ген. Бізге сол ғажайып құс пен ескерт­кіштің суретін көрсеткенде «Бұл Мағжан рухының қайтадан өз жеріне оралғанын сездіретін киелі нышан тәрізді, Сіз жырды қай­тадан қолға алсаңыз», – деп өтініш білдіріп, қолқа сала бердік. 
Бір күні үйіне қыдырып барсам, аға­мыз­дың беті алабұртып, шабыт қы­сып, тебіреніп отыр екен. Қолында қа­лам, ақ қағаз, бұрынғы Мағжанға арналған жыр­дың ескі парақтары алдында шашылып  жа­тыр. Несағаң ыңылдап келіп, жалғас­тыр­мақ болғанымен аузына сөз түсе қоймаған соң маған қарап күбірлеп, екі қолымен дом­­­быра шерткендей қимылдап, иегімен мең­зеді. Мен де жүгіріп барып домбырасын қолына ұстаттым. Несағаң күбірлеп, дом­бырасын қағып-қағып жібергеннен кейін жыры да төгіле кетті. Жыр нөсерін төпеп төгіп жіберіп, енді жазуға шұғыл кірісіп кетті, қаламы ағыл-тегіл құйылған нөпір өлең­ге ілесе алмай отырғаны да күйінен аң­­далады. Әне-міне, дегенше шымыр шу­мақ­тарды нөсерлетіп ақтарып тастады да, бір сейілгенде маған оқи жөнелді. Мағжан мен жұмбақ құстың диалогы былайша жал­ғасқанда төбе құйқаң шымырлайды: 
Аяздай қысқан қаңтарда,
Заманда шерің тарқар ма?
Жүгірер жаны шыққанша,
Сүйеніп оққа арқар да.

Деді де қалды сәл үнсіз,
Кеудесі ойсыз, жалынсыз.
Құйттай құс қайта сөйледі,
Мағжанға жөні мәлімсіз:

– Шамданба, ақын, шамданба,
Көрінбен саған жалғанда.
Шығам деп тордан ойлама,
Бойыңда шыбын жан барда.

Тас түнек келіп басарда,
Тағдырдан пенде асар ма?
Сен құтылғанмен қапастан,
Бұғаудан елің босар ма?
Тегінде, ағамыз домбыраны ән-күйге кел­тіріп, келістіріп шерте бермейтін, әйтеу ал­дына ұстап даңғырлататын. Алайда Не­сағаң шабыт қысып жын буғанда, қолына ұмсынып ақ домбырасын алып, ары-бері қаққан соң өлеңін селдетіп жіберетін. Бұл құ­былысты талай байқағанбыз. Енді, міне, та­ғы да өлең туған, дастан жаралған ұлы оқи­ғаның өзім куәгері болып отырмын. Ұлық бақсылар қобызбен, кейде дом­бы­ра­мен де жын шақырып, рухпен тілдесетін қа­сиетке ие. Ал біз көрген абыз ақын Не­са­ғаң­ның пірі ақ домбырасы еді. Домбыраны шер­тіп, ән айтпаса да сонау Кетбұқа зама­ны­на жалғасқан қасиетті баба аспап ақын аға­мыздың рухын жебеп, аузына сөз сап, аруа­ғын қоздырып, арқасын шымырлатып, ақ жолын даңғыл қылатын еді. Мұндай таң­ғажайып сәтке өзіміз талай тап боп қай­ран қалғанбыз.
Сал домбыра, жан серігім жасымнан,
Сен қымбатсың жердегі бар асылдан.
Бабалардың аманатын арқалап,
Жеттің маған сонау алыс ғасырдан.
Осынау әлдеқашан халық қазынасына айналып кеткен қоңыр әнді білмейтін алаш, естігенде елжіремейтін тыңдаушы жоқ шығар. Несіпбек ағаны қазақ көгіне жарқ еткізіп жұлдыз етіп әуелеген ән-өлең, қа­сиетті домбыраға қазақ жүрегінің т­ө­рі­нен тұрғызылған алып ескерткіш қой бұл. «Тіл білгішім, бұлбұл құсым, сайрашы бір тағы да», – деп ақын домбыра пірімен сыр­ла­сып, өз басынан кешкен тұңғиық шын­дықты айтып, басына қонған бақ құсын аялап отырғаны ғой! 
Несіпбек Айтұлы – түрік әлемі поэзия­сы­ның алтын тәжі секілді данышпан Әлі­шер Науаи дастанын қазақ тіліне сөйлеткен соң өзі де парасаттың биігіне, ақыл-ойдың ас­қарына, түркілік түп сана байтағына кө­теріліп кеткен ақын. Шын мәнісінде, Абай, Шә­кәрімдерден кейін Әлішер Науаи ға­зал­дарын қазақ жұртына шұрайлы тілмен жет­кізу мұнарлы сағынышқа айналғаны қа­шан. Ал Несіпбек Айтұлы «Ескендір қор­ға­нын» тәржімалаған соң оған сусындап шө­лі қанған оқырман ұлы Абайдың қай­нар­көзі болған Әлішер Науаи мұрасы­мен жа­қыннан сырласуға мүмкіндік тауып бәйек болған. Бірде қазақ қара сөзінің хас ше­бері жазушы ағамыз Қалихан Ысқақ «Ме­нің тіліме бекер таңданасыңдар, нағыз қа­зақ тілінің қаймағы, нілі, сөлі, нәрі, сәні ме­нің әлгі Несіпбегімде емес пе, түбінде сол оза­ды?!» деп баладай мәз болғанын көзі­міз­бен  көргенбіз. 
Ағамызмен қол босаса бірге моншаға барып,  арқасын жапырақпен сабап, арқа-жар­қа әңгімелесуші едік. Ол анау орында Ер­кеғали Рахмадиев көкеміз, ал әнеу жерде Ақ­селеу Сейдімбек ағам отыратын деп, сол сә­кіге жайғасатын, қимас естеліктер ай­та­тын. Мен ағама «Бу шипа болсын! Бу бұлау­ға түсуіңізбен!» десем, ол қалжыңдап «Тер­леп-тепшуіңмен!» деп қысқа қайыр», – деп күлетін. Сондай  көңілденіп отырған ме­зет­те ағамызға «Шіркін, Әлішер Науаи хам­сасы толық аударылса ғой» деп емеуірін білдіретінбіз. Кейде ағамыз «Әй, қарақтар, ол оңай-оспақ шару емес, менің жасымда ауыр салмақ» деп бізді тежеп тастайтын.
Жақсы көретін қайраткер інісі Дархан Қыдырәлі Түркі акаде­мия­сына келген соң ағамыз шаттанып, Дә­кең ұсынысын қабыл алып, Ә.Науаи дас­танын қазақ тіліне сөйлете бастады. Нәтижесінде, «Ләйлі-Мәжін» мен «Ескен­дір­дің қорғаны» қос дастаны академияда Прези­дент Қ.Тоқаевтың алғысөзімен оқыр­манға жол тартты. Бұл оқиғаны Өзбекстан зия­лылары, мемлекет басшысы Ш.Мир­зиёев ыстық ықыласпен қабылдаған еді. Көп кешікпей «Хамса» жинағын алып, Өз­бек­станға сапарлаған Несіпбек Айтұлы өзбек елінің сый-сыйапатына ие болып,  Науаи ауданының құрметті азаматы ата­нып, түркі әлемінің жарық жұлдызына ай­на­лып оралды. Өзбекстан Президенті 2024 жылы Астанада Әлішер Науаи ескерт­кі­шін салтанатпен ашқанда «Өзбек пен қа­зақ туысқан халық. Екі елдің тарихы, мә­дениеті, салты мен дәстүрі бір. Біз мұны қас­тер тұтамыз. Қазақтың көрнекті ақыны, мар­құм Несіпбек Айтұлы 2020 жылы Әлішер Науаидың ең басты еңбегі «Хам­саны» қазақ тіліне аударып, жарыққа шы­ғар­ғанын ерекше ықыласпен айтқым ке­леді. Ал бұл шығарманың алғысөзін Қа­зақ­стан Президентінің өзі жазғаны бізге зор қуаныш сыйлайды» деп ерекше атап өтті. Ұлы бабаның ескерткіші ашылған ақжа­рыл­ғап сәтті, әттең, Несағаң көрмесе де ру­хы сезді деп ойлаймын.
Ағамыздың ақын­ды­ғы­мен қатар кө­ріп­кел, абыз­дығы да бар еді. Осы қа­сие­тіне талай куә болған жанның бірімін. Періште мінезді, сәби жүрек ақын­ға Жаратушы ие жақсы қасиеттерді үйіп-төгіп мо­лынан берген-ақ.
Ақын ағамның ақ батасы­мен көгердім, Астанадан үй алып, шаңырағымды биіктетіп, ке­регемді кеңітіп, ошағыма от жақ­тым, ағаны төрге отырғызып, алғыс ырзалығын естідім. Кітаптарым да бірінен соң бірі жарыққа шығып, бөбек­терім де өмірге келді, Несағаң талай көрім­дік берді, Манат тәтеміз шашу шашты. Х­алықтың тұрмыс-тіршілігін, өмір-салтын, ата дәстүрін,  ана ті­лін білетін нағыз этног­раф Несағаң  еді ғой,  шіркін. Маған әр бір зерт­теуімнің жа­зылуы­на, көне тілдік қол­да­ныстардың, ұлт­тық астарлы ұғым-түсінік­тер­дің орын­ды жұмсалуына ақыл-кеңесін аямай беріп, қа­­­­­дағалап келді. «Түрік ха­лық­тарының әдет-ғұрыптары» деген монографиямның кі­ріс­песінде ағаның атын атап, арнайы ал­ғыс айтуым тегін емес. 
Жұма күні Несағаңа қоңырау ша­лып ха­барласып, демалыс күн­де­рін жақсы көре­тін ақын інілерімен бірге өт­кізу біздер үшін дәстүрге айналған еді. Кей­де президент ор­манына барып серуен­деп, жыр оқытамыз, Ар­қаның жұпар ауа­сын жұтып мәз боламыз. Ербол, Арман, Арда­би, Қабидендерді қасынан тастамайды. Бір жылт еткен жаңалық көрсе мәз болып қуанады. Ол кейде мені Қараөткелде ат қорасы орналасқан баласының жер үйіне апарады, қымыз ішіп, атқа мініп,  сейіл құрамыз. Несағаң жастайынан шабандоз болған, атбегілік өнерді терең меңгерген кәнігі атсейіс. Айталық, тойларда бәйгеге қо­сатын аттарды сынап, қайсысы оза­ты­нын тап басып айтып, бәстескен жандарды ұтып алған оқиғалары көп. М.Мағауиннің атасы Мағауия ақсақалдың Нарқызылына шап­қан, ол туралы өзі де, жазушы Т.Жұрт­баев досы да жазған. Атқорадағы құнан, дө­нен, бестілер Несағаңды көргенде кісінеп жі­береді, қолын иіскеп қасына келеді, аға­мыз қалтасына салып келген қантты сәй­гү­ліктерге асатады. Сондықтан болса керек, жыл­қылар ағамызды танып алған, келуін аң­сап күтіп жүретін сынды. Балажан аға­мыз аттарды баласындай мәпелеп, қолынан қант береді, астауға тұз салады, суарады. Бір күні ағамыз маған «Ақеділ бауырым, осы аттарды неге ұстап жүрмін, саған ай­тайын. Ертең мен зейнетке шыққан соң үй­де қамалып отырудың да жөні жоқ не­месе жиын-той, ресми шарадан қалмайтын, жас­тармен жағаласып алқа төрден түс­пей­тін қадірсіз қария болғым келмейді. Одан да екеуміз екі атты ерттеп мініп, Тайтөбеге дейін барып серуендеп жүрмейміз бе? Бұл соған дайындық, менің осы жасыма дейін ди­ректорлық қызметте ұстап отырған әкім­ге, басшы бауырлардың баршасына мың алғыс, не десе де мен сақадай-сай дайын болуым керек» деп сыр шерткен еді. Әт­тең, ағамыз ол күнге жетпей, өмірмен ер­те қоштасып кете берді.
Ұмытпасам, 2023 жылғы 19 мамыр болса керек, жұмыстан шыға сала Несағаңа қоңырау шалдым. Ол кісі қолына ақша түссе, гонарар алса, бізге хабарласып, қолүздік беріп, содан «Жігіттер, ақша бар, тәуба, қу жандарыңа не керек? Монша ма, әл­де биллярд па?» деп қарқылдап күлетін. Мен де сол кәрі әдіске салып әзілдеп «Не­са­ға, ертең демалыс, мен де ақша бар, қу жа­­­­ныңызға не керек?» – дедім. Ол «Секен Тұрысбектің үйінде келіннің туған күні, тәтең Алматыға кетті», – деді. Мен күліп «Ен­деше, сүрбойдақ, жүрмейміз бе күліп ой­нап» деп едім, аға кібіртіктеп «Сен тың­дашы, мен «Шұбартау» деген поэма жаздым. Туған ел, өскен жерім, қасиетті атажұртым ғой» деп өлеңін бастап кетті:  
Мен өзі Шұбартауда өсіп-өндім,
Бұйырған дәнін теріп несібемнің.
Төлеу мен Уәйістердің ізін қуып,
Өлеңнің ұлан-асыр көшіне ердім.

Бола ма шыққан жерді жырламасам,
Бұл өмір опа берген кімге қашан?
Барады дөңгеленіп мына дүние,
Артыма көз жіберіп бір қарасам...
Өлең төгіліп түсіпті, «Ой, аға, Қасым ақын секілді желдетіп, борандатып, дауыл­да­тыпсыз, ғажап. Онда Сіз осы поэманы аяқ­таңыз, бөгет болмайын» дедім. 
Ой, Алла-ай, десеңізші, сүйткен Неса­ғаңа дүйсенбіде қоңырау шалсам,  «Аман­сың­дар ма, менің басым ауырып тұр» деп нәу­маз үн қатты. Шыны керек, мен тәтем жоқ­та ағам еркелеп тағы бір ақын бауыр­лары­мен серуендеген-ау  деп ойладым. Іле-шала қоңырау соқсам, ақын Қабиден бауы­рым ағаны жедел жәрдемге міндіргенін айтып жабырқады.  Екі рет отаға енді, ал­ғаш­қы ота сәтті болды. Ағамыз сауықтым деп қуанып ауруханадан да шығып кетті. Ақыры, сырқаты зілдене түсті. Қандай к­і­шіпейіл, парасатты жан, бізді шақырып ап, емханада арзу-айтып, кешірім сұрап, қош­тасып бақұлдасу жосынын жасады.
...Көзінің жасы мөлдіреп,
Езіліп жаны елжіреп,
Мағжанға былай тіл қатты,
Жұмбақ құс жылап соңғы рет:

– Жылаймын саған келем де,
Сүйегің жатыр тереңде.
Жүрегің бірақ ұшып жүр,
Айналып өлмес өлеңге.

Өмір мен өлім арасын,
Жалғаған неткен данасың?!
Тас болып тұрсың тұғырда,
Білгейсің тастың бағасын.

Мейірі түссе Тәңірдің,
Тастан да жылу табасың.
Кешегі жауың бүгін жоқ,
Сөйлейін десең тілің жоқ,
Таскерең, тасыр қоғамға,
Тасмылқау болсаң жағасың... 
Бұл Мағжанның жұмбақ құсының шы­рылы емес, абыз ақын Несіпбектің жүре­гі­нен аңдаусызда ұшып кеткен рух боз­тор­ғайының уілі еді. Иә, әз халқы барда жам­поз жыраудың қанатты жыры қазақ елінің ас­панында бозторғайдай сайрай берері, қа­лықтай берері анық. 

Ақеділ Тойшанұлы,
ақын,  фольклортанушы ғалым

Тэгтер:

Несіпбек Айтұлы Ақын