Шығыс Қазақстанда төленбеген алимент көлемі 1 млрд теңгеден асқан

Бүгін, 11:16 / Алуа Арман
istockphoto.com

Өскемен қаласының прокуратурасы балалардың пайдасына 171 млн теңге алимент өндірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өскемен қаласында 6 мыңнан астам алимент өндіру туралы шешім орындалуда. Төлемнің уақытылы түсуіне 8 мыңға жуық бала үміт артып отыр.

Алайда жүздеген отбасы әлі де ата-аналардың төлемнен жалтаруы мәселесіне тап болуда. Бүгінде қалада 649 проблемалық өндіріс бар, берешек 1 млрд теңгеден асады.

Өскемен қаласының прокуратурасы олардың құқықтарын қорғау жұмысын күшейтті. Борышкерлердің автокөліктері ұсталып, олардың деректері «Поток» және «Мерген» жүйелеріне енгізілді. Жүйелі төлемеушілерге әкімшілік және қылмыстық жауаптылықты қолданылуда.

Ресми жұмысы жоқ борышкерлер жұмыспен қамту орталығына жіберіліп, олардың еңбекке орналасуы тұрақты бақылауда тұр.

Сонымен қатар жеке сот орындаушыларына бақылау күшейтілуде. Тексерулер қорытындысы бойынша 25 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан бері балалардың пайдасына 171 млн теңге өндірілді. Бұл сома – әр баланың тамағы, киімі, емі, білімі.

Қадағалаушы орган балалардың құқықтарын қорғау бойынша кешенді жұмысты жалғастыруда. 

Тэгтер:

алимент қарыз Бала әке Ажырасу Өскемен борышкер