Түркістан облысында бір сыныпта 24 солақай бала оқиды

Бүгін, 10:58 / Інжу Әлихан
Информбюро

Түркістан облысында солақай балалар оқитын ерекше сынып бар, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Информбюроға сілтеме жасап.

Мұғалімдердің айтуынша, ондағы оқушылардың көбі оң қолмен жазатындарға қарағанда алғыр әрі белсенді. Оның үстіне өнер мен шығармашылыққа жақын.

Оқушы Зейнеп Бақыт туғанынан солақай екен. Озат оқушы ән-би үйірмелерінен қалыс қалмай, мектептегі сайыстарда үздік атанып, үнемі белсенді болып жүреді екен. 9 жастағы қыз үйінде жалғыз солақай емес екен.  

«Үйімізде 3 адам солақай. Мен, атам және әкем солақай. Күнде мектепте 10 ұпай алып келемін. Жазу жазғанда сол қолмен жазамын», – деді 3-сынып оқушысы Зейнеп Бақыт.

Арыс қаласындағы нөмірі төртінші бастауыш мектепте бір сыныпта 24 оқушы солақай. Бұл ерекшелік олардың сауатты жазуына кедергі келтірмеген. Керісінше бәрінің де жазуы маржандай. Олардың оқу үлгерімдері де жақсы. Көбі шығармашылыққа бейім.

«Сол қолмен де, оң қолмен де жаза беремін. Тамақты оң қолмен ішемін. Басқа заттарды істегенде оң қолмен де сол қолмен де істей беремін. Үйде екі адам сол қолмен жазамыз. Ағам, мен», – деді 3-сынып оқушысы Гүлназым Медеубек.

Оқушылардың сынып жетекшісі Сара Әлімбекова оқушыларды 1-сыныпқа қабылдағанда өзім де таңғалдым дейді. Мұғалім 24 жылдық еңбек өтілінде мұндайды көрмегенмін деп отыр. Білместікпен оқушыларды оң қолмен жазуға бейімдегісі келіпті. Бірақ бұл әрекетінің балаларға кері әсер ететінін түсінген.

«Оқушыларды таңдап алмадым. Өздері осылай бірыңғай келген. Жыл басында 29 оқушы еді. Соның 24-і сол қолмен жазады. Бұларды осылай сол қолмен жазар кезде оң қолмен жазуға мәжбүрлегенімде көптеген материалдар іздедім жан-жақтан. Сол кезде бұларды мәжбүрлемеу керек екенін түсіндім. Ол невроздық, құлақ естімей қалу, кекештік ауруларға шалдықтырады екен», – дейді мектеп мұғалімі Сара Әлімбекова.

Ұстаздың сөзінше оң қолмен жазатын адамдардың миының сол бөлігі жақсы дамыса, солақайлардың миының екі жағы да жақсы жұмыс істейді. Сондықтан шәкірттерінің басқа оқушыларға қарағанда алғыр екенін аңғарған. Тіпті бұл құбылыстың тұқым қуалайтынын да біліпті. Мәселен сыныптағы он оқушы ғана отбасында сол қолмен жаза алатын жалғыз адам болса, қалғандарының ата-әжелері солақай екен.