Қазақстан азаматы «Сеулдың құрметті тұрғыны» атағын алды

Бүгін, 09:46 / Інжу Әлихан
24.kz

Қазақстан азаматы "Сеулдің құрметті тұрғыны" атағына ие болды. Тиісті куәлікті профессор Дулат Бақышевқа қаланың вице-мэрі табыс етті, деп хабарлайды turkystan.kz сайты 24.kz телеарнасына сілтеме жасап.

Биыл мұндай атаққа 16 елдің азаматтары лайық деп танылды. 16 мемлекеттің азаматтары Сеул мэриясына шақырылды. Әр түрлі салада еңбек ететін бұл адамдарды біріктіретін бір нәрсе бар – олар Оңтүстік Корея астанасының дамуына қосқан үлестері үшін "Сеулдің құрметті тұрғыны" атанды.

Бұл атаққа үміткерлерді шетел елшіліктері, қоғамдық және әлеуметтік ұйымдардың жетекшілері ұсына алады. Сондай-ақ мэрияға кемінде 30 адамның қолы қойылған ұсыным хат түссе де жеткілікті. Құрметті тұрғын сеулдік мұражайлар мен көрмелерге тегін кіре алады және қалалық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік алады.

"Араларыңызда коронавирус кезінде Сеулдің әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына тегін тамақ беру арқылы қолдау көрсеткендер бар. Сондай-ақ ауыр дертке шалдыққан науқастарға арналған тұрғын үй және әлеуметтік нысандарды жақсартуға ат салысқандар, түрлі өндіріс орындарындағы жұмысшылардың мәселелерін шешкендер де бар", - деді Сеул қалалық мәслихатының вице-спикері Ким Ин Дже.

"Сеулдің құрметті тұрғындары қаланы басқарудың түрлі бағыттарында қатысушы әрі тәлімгер ретінде қызмет ете алады. Олар әр түрлі қалалық шараларға құрметті қонақ ретінде шақырылады. Сонымен қатар Сеулді ілгерілетуге бағытталған жарнамалық кампанияларға қатысу мүмкіндігі бар", - дейді Сеул мэриясының өкілі Ким Су Док.

Дулат Бақышев Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтқаны және сеулдіктерді қазақ мәдениетімен таныстырып жүргені үшін Сеулдің құрметті тұрғыны атанды.

Тоқсаныншы жылдары ол Оңтүстік Кореяға оқуға келген алғашқы қазақстандықтардың бірі болды, екі рет еліміздің Сеулдегі елшісі қызметін атқарды. Қазір профессор Бақышев Хангук шет тілдер университетінде дипломатия, қауіпсіздік, экономика пәндерінен бөлек қазақ тілі мен Орталық Азия әдебиетін оқытады.

"Сеулде мен өмірімнің үштен бірін өткіздім, бірақ өкінбеймін. Қайта Сеулден үйренген нәрселерім көп, Кореядан үйренген нәрселерім көп. Енді әрине Қазақстанға барған сайын Қазақстанда да түрлі жоғары оқу орындарында дәріс оқимын. Корея, АҚШ сынды алдыңғы қатарлы елдермен ынтымақтассақ, біздің де күніміз жаман болмайды деген ойдамын", - дейді Хангук шет тілдер университетінің профессоры Дулат Бақышев.

Дулат Бақышев бұл марапатқа тек дипломатиялық және оқытушылық еңбегі үшін ғана емес, сонымен бірге бос уақытында қазақ мәдениеті үйірмесін жүргізетіні үшін де лайық деп танылды. Оның үйірмесіне қатысушылардың кейбірі қазірдің өзінде қазақша сөйлей алады және домбырада ойнайды.

1958 жылдан бері Сеулдің құрметті тұрғыны атағын 968 адам иеленді. Соңғы екі жылда бұл тізімге қазақстандықтар да енді. 2024 жылы көліктегі өртті жедел сөндіргені үшін Кореядағы елшілігіміздің қызметкері Руслан Қайрамбаев осы атаққа ие болған.