Астанада тіс емдетуге барып, көз жұмған 3 жасар қыздың өліміне қатысты істі Ресей консулдығы бақылап отыруы мүмкін. Сотталушы сол елдің азаматы. Бұл туралы анестезиолог Аида Жұмағалиеваның қорғаушысы мәлімдеп, судьяға өтініш жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал судья сот процесі ашық өтіп жатқанын айтып, қарсылық білдірмеді. Сондай-ақ бүгінгі отырыста стоматология ішіндегі бейнежазба тағы қаралып, болған оқиға егжей-тегжейлі талқыланды.
Видеода сағат 14:02-де қыз баланың жағдайы нашарлап, жүрек қағысы бұзылғаны байқалады. Алайда анестезиолог бірден жедел жәрдем шақырмай, сағат 14:05-те әріптесіне қоңырау шалып, көмек сұрағаны таспаланған.
Сот дәрігерден бұл әрекетінің себебін сұрағанда, сотталушы "жедел жәрдем құрамында реаниматологтың болмайтынын" алға тартты.
"Комиссияның кешенді сараптамасында кардиологтың қорытындысы бар. Онда баланың немен ауырғаны және жүрегінің неден тоқтап қалғаны нақты көрсетілген. Олар іс материалдарында бар. Біз соттың осыған назар аударуын сұраймыз. Құжатта баланың өліміне бас миының ісінуі себеп деп жазылған. Алайда бұл нақты емес", – деді сотталушының қорғаушысы Сағынғали Елеуов.