«Адам өліміне әкелген»: Таразда заңсыз медициналық қызметпен айналысқандар сотталды

Бүгін, 17:56 / Алуа Арман
istockphoto.com

Тараз қаласының № 2 соты заңсыз медициналық қызметпен айналысқан тұлғаларға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотталушы Ц. 2013 жылы өз атынан жеке кәсіпті тіркеп, 2016 жылы Тараз қаласында инвазивті араласулар (көктамыр ішіне және бұлшықет ішіне инъекциялар) жүргізу үшін емдеу кабинетін ашқан. Алайда сотталушының бұған заңды құқығы болмаған.

2025 жылдың ақпан айында осы процедуралық кабинеттің медбикесі (сотталушы И.) пациент А.-ны (жәбірленуші) қабылдап, оған бұлшықет ішіне «Цефтриаксон» препаратын салған. Пациент анафилактикалық шок алған. Нәтижесінде азамат А. қалалық көпсалалы ауруханада қайтыс болды.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлер мен сарапшылардың айғақтарымен, сондай-ақ сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді.

Сотталушы Ц. кінәсін мойындамай, соттан оны ақтауды сұрады. Ал сотталушы И. кінәсін толық мойындады.

Жәбірленуші (қайтыс болғанның жұбайы) бас бостандығын шектеуді және қосымша жазалар тағайындауды сұрады.

Сот сотталушы Ц.-ның жас балаларының болуын және оң қырынан сипатталуын, ал И.-дың кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкініш білдіруін, бұрын сотты болмағанын және оң қырынан сипатталуын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Сот үкімімен сотталушы Ц. ҚК 322-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оны 3 жыл мерзімге инъекциялық терапия саласында жеке кәсіппен айналысу құқығынан айыра отырып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.

Сондай-ақ, сот жәбірленуші тараптың пайдасына 5 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян және 1,2 млн теңге мөлшерінде материалдық зиянды өндіріп алды.

Сотталушы И. ҚК 317-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге инъекциялық терапия саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

«Рақымшылық жасау туралы» Заңды қолдана отырып, И. бас бостандығын шектеу түріндегі жазадан босатылды.

Сонымен қатар, сотталушы И.-дан жәбірленуші тараптың пайдасына 5 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян және 588 мың теңге мөлшерінде материалдық зиян өндірілді.

Сотталушы И.-ға қатысты үкім заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Сот Тараз үкім Медициналық қызмет