Шымкент қаласында өткен ересектер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты балуандар бас қосып, бозкілемде өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жалпы саны 20 өңірден келген балуандардың басын қосқан айтулы додада Түркістан облысының спортшылары жоғары дайындықтарын көрсетті.
Тартысқа толы белдесулер нәтижесінде 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рузимон Тугушев ел чемпионы атанды. Ал, 100 келіден жоғары салмақта күрескен Қайсар Шамшидинов финалға дейін сүрінбей жетіп, күміс жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында 77 келіде додаға түскен Гүлнұр Ырысхан күміс медаль еншіледі.
Сондай-ақ, 66 келіде күрескен Ерасыл Ахметбеков пен 52 келіде күш сынасқан Жадыра Пайыз облыс құрамасының қоржынын қола медалдармен толықтырды. Бұған қоса, абсолюттік санатта — түйе палуан сайысында Қайсар Шамшидинов тағы бір мәрте жүлдегер атанып, қола медаль жеңіп алды. Жалпы, Түркістан облысының балуандары ел чемпионатында 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль олжалап, аймақ спортының әлеуетін тағы бір мәрте айқын көрсетті.