Altel, Tele2 және Beeline 25 желтоқсаннан бастап абоненттік төлемнің қымбаттайтыны туралы ескертті. Бұған шығындардың өсуі мен ҚҚС мөлшерлемесінің артуы себеп болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Orda.kz мәліметінше, жаңа салық жүктемесі бүкіл саланы қамтиды. ҚҚС-тың ұлғаюы қосымша 35 миллиард теңге шығын алып келеді. Мобильді операторлар тарифтердің өсуін осылайша түсіндірді.
Beeline компаниясы: «Тарифтердің “тоқтап қалуы” инвестициялардың қысқаруына және байланыс сапасының нашарлауына әкеледі. Бағаны түзетпесек, желі жүктемеге төтеп бере алмайды, бұл цифрландыруды тежейді», — деп мәлімдеді.
Tele2 мен Altel де тарифтердің өзгеруі «мәжбүрлі шара» екенін айтты. Олар абоненттерге тариф өзгерісі туралы SMS арқылы 30 күн бұрын хабар берілетінін жеткізді.
Бұған дейін интернет тарифтері 15–20 % қымбаттайтыны туралы хабарланған еді. Tele2 өкілдері өсімнің желі жүктемесінің артуына байланысты екенін, интернет тұтыну көбейгенімен, инфрақұрылым үлгермей жатқанын айтқан. Kcell де тарифті қайта қарастыруды ойластырып жатқанын, бірақ нақты шешім барлық шығындарды талдағаннан кейін қабылданатынын мәлімдеді.