Шымкенттік келіншек бұрынғы күйеуінен тойда берілген сыйлықтардың ақшасын өндіріп алды

Бүгін, 09:22 / Алуа Арман
istockphoto.com

Шымкенте үйлену тойындағы сыйлықтарды қайтару жөніндегі азаматтық дау соттық медиация арқылы сәтті шешілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шымкент қалалық апелляциялық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Ә. есімді әйелдің талап арызын қарады. Ол некеге тұрғанда берілген, жалпы құны 2 435 000 теңге болатын сыйлықтарды қайтаруды талап еткен.

Талапкердің айтуынша, жауапкер сыйлықтарды қайтармаған. Алайда жауапкер талапты мойындамаған.

«Шымкент қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты талапты қанағаттандырды. Жауапкерден талапкердің пайдасына 2 435 000 теңге, өкіл қызметінің ақысы ретінде 100 000 теңге және мемлекеттік баж ретінде 24 350 теңге өндірілді», — делінген сот хабарламасында.

Апелляциялық инстанцияда тараптар татуласу туралы шешім қабылдап, сот медиациясы тәртібімен дауды реттеу жөнінде келісім жасады.

Келісім шарттары бойынша:

Талапкер барлық талаптарынан бас тартады.

Жауапкер өзінде қалған сыйлықтардың өтемі ретінде талапкерге екі аптаның ішінде 200 000 теңге төлеуге міндеттенеді.

Судьялар алқасы келісімді бекітіп, іс жүргізуді тоқтатты. Бұрын төленген мемлекеттік баж талапкерге қайтарылды. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Сыйлық Ажырасу той неке өндіру