Ақтөбеде 700-ден аса мұғалім төрт айдан бері жалақы алмай жүр

Бүгін, 06:28 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Ақтөбеде жекеменшік қос мектептің 700-ден аса мұғалімі төрт айдан бері жалақы ала алмай жүр. Ұстаздар қарызға белшесінен батып, несие төлемегендердің қара тізіміне ендік деп ашынады.

Нұргүл Төребаева, мұғалім:

— Осы мектепте істейтін 400-ден астам мұғалім бар. Бәрінің басында кредит бар. Бала-шағасы бар. Өте қиын жағдайдамыз. Несиемізді төлей алмай жатырмыз, төрт айдан бері. Оны ешқандай банк кешірмейді.

Бір құрылтайшының меншігіндегі қос мектепте 9 мыңнан аса оқушы білім алады. Соларға сабақ беретін 741 мұғалім тамыз айынан бері айлық алмаған. Компанияның екі айдағы жалақыдан қарызы бір жарым миллиард теңгеден асыпты. Мектеп басшылығы мәселеге жаңа жүйедегі ақау себеп болды деп ақталады. Еңбек инспекторлары оларға айыппұл салып кеткен. Айта кетейік, әр балаға қазынадан жылына 570 мың теңге бөлінеді. Енді ол қаржы көктемнен бастап жергілікті бюджеттен бөлінетін болыпты. Білім басқармасындағылар қазір «Білім класс» және «Е қазына» платформаларын сәйкестеп жатқанын айтады. Сол реттелген бойда жалақы дауы шешіледі деп сендірді.

Ақкенже Тындыбаева, Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары:

—  Нақтыланғаннан кейін платформада істелген жұмыс актісі, фактура шоты қалыптасады. Содан кейін қаржыландыру жүргізіледі. Жергілікті бюджеттен жыл аяғына дейін 4 миллиард қарастырылып отыр.