Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан 25 медаль еншіледі

Бүгін, 16:16 / Алуа Арман

26 қарашада Токио қаласында XXV-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарының ресми жабылу салтанаты өтті.  Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасы 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль жеңіп, 81 елдің ішінде медальдік есепте 9-шы орынға тұрақтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Айта кетейік, XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары Жапония астанасы Токио қаласында 15–26 қараша аралығында өтті. Бұл – төрт жылда бір ұйымдастырылатын есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы ең беделді халықаралық жарыс. Додаға 81 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада бақ сынады. Қазақстан ұлттық құрамасы 78 спортшымен 8 спорт түрінен өнер көрсетті.

Биылғы Сурдлимпиадада Қазақстан құрамасы үшін ең нәтижелі спорт түрі сурдо дзюдо болды. Бұл сында отандастарымыз 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, барлығы 11 жүлдеге қол жеткізді.

Еркін күрестен 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль олжаланса, грек-рим күресінде ұлттық құрама қоржынына 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде түсті.

Жеңіл атлетикада Қазақстан 1 алтын және 1 қола медаль еншілеп, Фаина Мейрманова биіктікке секіру сайысында 1,79 метр нәтижемен Сурдлимпиада рекордын жаңартты. Таеквондошылар керуги дисциплинасында 3 қола жүлде иеленсе, үстел теннисінен ерлер құрамасы командалық сында қола медальға қол жеткізді.

Тэгтер:

Медаль Токио Сурдлимпиада