Жоғары аудиторлық палата Солтүстік Қазақстан облысында жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындыларын шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов өңір бойынша көтерме және бөлшек сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар кірісінің едәуір төмендегеніне назар аударды. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша 100 млрд теңгеге азайған.
Өңір үшін стратегиялық маңызы бар объект саналатын «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы назардан тыс қалып отыр. Инженерлік инфрақұрылымның болмауы салдарынан АЭА-дағы кейбір объектілер уақытында пайдалануға берілмеген. Бұл АЭА тиімділігін және инвесторлардың сенімін төмендетеді. Соған қарамастан жергілікті бюджеттен басымдығы төмен жобаларға қаражат бөлінген, мысалы, әкімшілік ғимараттарды реконструкциялауға 7,3 млрд теңге, театр құрылысына 7 млрд теңге жұмсалған.
Облыстағы 38 тірек ауыл әлі күнге дейін сапалы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Салынған 79 объектінің 22-сі (10 млрд теңгеге) осы уақытқа дейін пайдаланушы ұйымдарға берілмеген.
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қызметіне берілген баға да басқару мен инвестициялық бағыттарды іске асырудың тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мәселен, бірлескен кәсіпорындар құру нәтиже бермей, шамамен 1 млрд теңге көлемінде мемлекеттік ресурстар шығынына әкелді. Бейінді емес активтерді ұстау 610 млн теңге көлемінде, өңірлік тұрақтандыру қорларының қаражатын пайдалану салдарынан 298 млн теңге көлемінде шығын келген. Бухгалтерлік есеп жүргізуде де 24 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылық анықталды.
Мемлекеттік сатып алу саласында да заң бұзушылықтар тіркелген. Конкурс рәсімдерін өткізбей, 5,5 млрд теңгеге бір көзден сатып алу арқылы шарттар жасасу, сондай-ақ жұмыстар көлемін қосалқы мердігерге беру жөніндегі шектеулерді сақтамау фактілері анықталды.
Аудит қорытындысы бойынша:
- 28,3 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық, 112,4 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланылғаны және пайдаланылғаны анықталды;
- 111 факт бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін жіберілді;
- кейбір материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.