Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасына жаңа бапкер тағайындалды

Бүгін, 15:27 / Інжу Әлихан
Спорт комитеті

Бүгін Астанада Жеңіл атлетика федерациясының ресми жиыны өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин,  ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті Ольга Рыпакова, Бас хатшы Келбет Нұрғазина мен бапкерлер, төрешілер және ұлттық құрама спортшылары қатысқан басқосуда бірқатар маңызды шешімдер қабылданды, деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.

Атап айтар болсақ, жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасына жаңа кеңесші-бапкер тағайындалды. Енді отандық жеңіл атлеттерді украиналық маман Александр Апайчев жаттықтырады. Ол ұлттық құраманың бас бапкері міндетін де қоса атқарады.

Александр Апайчев 1961 жылы 6 мамырда Украинада дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы жеңіл атлетикадан КСРО командасының намысын қорғады. Бапкер ретінде Украина мен Катар құрамаларын жаттықтырып, Олимпиада, әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған.

Жиын барысында Александр Апайчев Қазақстан құрамасының алдағы жаттығу жоспарын таныстырды. Басты мақсат – 2026 жылы өтетін жазғы Азия ойындары мен 2028 жылы өтетін Лос-Анджелес Олимпиадасына тыңғылықты дайындалу.

Қазір жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы жаңа бапкердің жетекшілігімен Астана қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Сондай-ақ, жиында отандық жеңіл атлетиканың дамуына ерекше үлес қосқан бапкерлер мен төрешілер  назардан тыс қалған жоқ. Атап айтар болсақ, төрешілер кеңесінің төрағасы Денис Мосеев  пен ҚР Жеңіл атлетика федерациясының стастисті Лариса Ладина ҚР Туризм және спорт министрлігінің арнайы наградасы – «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар, Бахрейнде өткен жасөспірімдердің жазғы Азия ойындарында  жүлде алған қазақстандық жас атлеттер мен олардың жеке бапкерлеріне ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың атынан арнайы алғыс хаттар табысталды. Бүгінгі жиынға Азия ойындарында жүлде алған спортшылар арасынан Мұрат Нұрболсын (3000 метрге жүгіру, қола медаль) мен оның жеке бапкері Бақдәуір Үлкенбай қатысты.