24 қарашада кешкі сегіз шамасында Мақат ауданының Доссор кентінде төтенше жағдай орын алды. Екі бала анасымен бірге газ иісіне уланып, ауруханаға жеткізілді. Қазір олар үйіне жіберілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Доссор тұрғыны Айнұр Әсетованың үйінде тұрмыстық газдың иісі тиіп, өзі және екі баласы – 12 жастағы ұлы мен 7 жастағы қызы шұғыл түрде жедел медициналық қызметпен аудандық ауруханаға жеткізілген. Медицина қызметкерлері дер кезінде көмек көрсетіп, балалардың жағдайы тұрақтанған соң оларды үйлеріне жіберді. Ал анасын бақылауда қалдырмақ болған, алайда ол ауруханаға жатудан бас тартты.
ТЖД аталған оқиғаға қатысты түсінік берді.
«24 қараша күні сағат 20:50-де Мақат ауданының Доссор кентіндегі Ш. Еркешов көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде табиғи газбен жұмыс істейтін жылыту пешін пайдалану ережелерінің бұзылуына (тартудың болмауына) байланысты 1984 жылы туған пәтер иесі, сондай-ақ 2012 жылы туған ұлы мен 2018 жылы туған қызының көміртек тотығымен уланғаны туралы жедел жәрдем қызметінен ақпарат түсті».