Түркістан облысында дәрігерлер 3 айлық сәбиге күрделі ота жасады

Бүгін, 11:57 / Інжу Әлихан
Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы

Түркістан облыстық балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігерлері медавиация желісі арқылы Сарыағаш ауданына барып, миына қан құйылған 3 айлық сәбиге шұғыл түрде мамандандырылған көмек көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аудандық орталық ауруханада нәрестеге шұғыл түрде магнитті-резонансты томография (МРТ) жасалып, зерттеу нәтижесінде ми ішіне қан құйылғаны анықталды. Дәрігерлер консилиумы жедел түрде ота жасау туралы шешім қабылдады.

Нейрохирургтар жүргізген ми қуысына сыртқы дренаж орнату

орнату операциясы сәтті өтті. Ота барысында трепанация жасалып, арнайы түтікше арқылы 3–4 мл көлеміндегі қан жиналған аймақ толық тазартылды.

Бір аптадан кейін нәресте Сарыағаш аудандық орталық ауруханасынан Түркістан облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Қазір оның жағдайы тұрақты, қажет бақылау мен емді алып жатыр.

Мамандардың айтуынша, дер кезінде хирургиялық көмек көрсетілмеген жағдайда баланың жағдайы миішілік гидроцефалияға, қанның іріңдеп асқынуына және басқа да ауыр салдарға әкелуі мүмкін еді.

Алдағы уақытта сәбиге компьютерлік томография (КТ) түсіріліп, жағдайына қарай түтікшені алып тастау немесе қосымша ота жасау мүмкіндігі қарастырылатын болады.

Дәрігерлердің жедел әрекеті мен кәсіби біліктілігінің арқасында 3 айлық нәрестенің өмірі аман сақталды.