Павлодар облысының ТЖД қызметкерлері полиция және еріктілермен бірге 1976 жылы туған әйелді іздеу жұмыстарын кеңейтілген түрде жалғастырып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Департаменттің мәліметінше, осы уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарылған. Павлодардың орталық жағалауынан Павлодарское ауылына дейінгі жағалау сызығы толық зерттеліп, Ертістің оң және сол жағалауларына визуалды тексеру жүргізілген. Сонымен қатар өзен акваториясы эхолот, «Гном» суасты дроны және әуе дроны арқылы қаралды.
Жаяу іздеу топтары 52 шақырымнан астам жерді жүріп өтті, су көлігімен шамамен 178 шақырым тексерілді. Сүңгуір-құтқарушылар сегіз рет суға түсу жұмыстарын орындады.
Іздеу-құтқару шаралары барлық мүдделі қызметтердің қатысуымен күн сайын жалғасып жатыр.