Степногорск әкімдігі мемлекеттік сатып алу туралы заңды бұзған

Бүгін, 10:02 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қала прокуратурасы Степногорск қаласы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын бұзғанын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Белгілі болғандай, адал емес лауазымды тұлғалар мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде конкурс құжаттамасына әлеуетті өнім берушілер арасындағы бәсекелесті ортаны шектейтін талаптарды енгізіп, сондай-ақ жеткізілетін тауардың ұлттық стандарттарға сәйкестігін растайтын құжаттардың болуын қарастырмаған.

Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 237 млн теңге болатын төрт мемлекеттік сатып алу конкурсы жойылды.

Жіберілген заңбұзушылықтар үшін Степногорск қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 207-бабының 1-бөлігі бойынша 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды, ал аталған бағытқа жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 12-бабына сәйкес, конкурс құжаттамасында әлеуетті өнім берушілердің қатысуын шектейтін талаптарды белгілеуге тыйым салынатынын еске саламыз.

Бюджет қаражатының мақсатты және тиімді жұмсалуы прокуратураның тұрақты бақылауында.

Тэгтер:

мемлекеттік сатып алу заң бұзу