Қостанай облысында ер адам жұмысқа қабылдамаған фермерге өкпелеп, оның 14 тонна шөбі мен жылжымалы вагонын өртеп жіберді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыстық соттың мәліметінше 2025 жылдың 25 тамызында М. Бейімбет Майлин ауданының Красносельское ауылы маңындағы шаруа қожалығына мас болып барып, бақташы ретінде жұмысқа қабылдаудан бас тартқаны үшін Л.-ға тиесілі мүлікті қасақана жойған.
"М. 14 тонна болатын үш мая (шөмеле) шөпті, сондай-ақ ішінде Л. мен С.-ға тиесілі мүлік болған бір осьті жылжымалы вагонды өртеген. Салдарынан Л.-ға 932 800 теңге, ал С.-ға 101 000 теңге мөлшерінде материалдық шығын келтірілген", - деп жазылған сот хабарламасында.
Жәбірленуші жаза түрін соттың қалауы бойынша анықтауды, ал азаматтық талабын толық көлемде қанағаттандыруды өтінді.
Сотталушы кінәсін және азаматтық талапты толық мойындады.
Сот сотталушының шын ниетпен өкінуін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Қылмыстың қайталануы және құқық бұзушылықтың мас кезде жасалуы ауырлататын мән-жай деп танылды.
"Сот М.-ны кінәлі деп танып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтейді", - деп жазылған хабарламада.
Азаматтық талап толық көлемде қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.