Түркістан облысында оқ атып, адам өлтірген бір күдікті әлі табылмай жатыр

Бүгін, 17:28 / Алуа Арман
istockphoto.com

Түлкібас аудандық ауруханасы зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

— Пациент Д. Ж. (2008 ж.т.) 3–10 қараша аралығында травматология бөлімінде ем қабылдап, жағдайы жақсарғаннан кейін үйіне шығарылды. Екінші пациент — 22 жастағы О. С. (2003 ж.т.) — 2–17 қараша аралығында травматология бөлімінде болды және ол да жағдайы жақсарып, шығарылды, — деп мәлімдеді медициналық мекеме.

Бастапқыда ауруханаға зардап шеккен үш адам түскен. Үшіншісі жеңіл жарақат алғандықтан, қарағаннан кейін амбулаторлық емдеуге жіберілген.

Айта кетейік, оқиға 2 қарашаға қараған түні Түлкібас ауданының Көктөрек ауылында болды. Шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, тағы үшеуі жараланды.

Куәгерлердің айтуынша, жас жігіттердің қасына көлік тоқтап, одан бетперде киген белгісіз адамдар түсіп, оқ атқан.

Полиция күдіктілердің барлығы анықталғанын хабарлады.

— «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Түркістан облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, — деп атап өтті ведомство.

Атқан адамдардың біреуі ұсталып, қамауға алынды. Екінші күдікті, полиция мәліметінше, жасырынған және төртінші апта бойы іздеуде жүр.

 

Тэгтер:

күдікті Түркістан облысы Оқ ату іздеу атыс Түлкібас