Дәріханадан психотроптық заттарды заңсыз сатып алған азамат сотталды

25 қараша, 2025 / Алуа Арман
Ақмола соттары

Көкшетау қалалық сотында Көкшетау қаласының тұрғыны М.-ға қатысты психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алып, сақтағаны үшін қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот анықтағандай, М. заңсыз жолмен дәрігерден рецепттер алып, дәріханадан психотроптық заттарды (трамадол, тропикамид, ацетилденген апиын) сатып алып жүрген.

Полиция қызметкерлері М.-ны есірткілік мас күйінде ұстап, жеке тінту барысында одан психотроптық заттар мен шприц тәркіленген.

Сотта М. өз кінәсін мойындап, рецепттерді жеке тұтыну үшін дәрігерден 10 000 теңгеге сатып алғанын түсіндірді.

Дәрігерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

М.-ның кінәсі тәркіленген психотроптық заттармен, тінту бейнежазбасымен, есірткілік мас күйн куәландыратын медициналық қорытынды және сарапшының қорытындысымен дәлелденді.

Жаза тағайындауда сот кінәлінің шынайы өкінетінін - жеңілдететін, есірткілік мас күйінде қылмыс жасағанын - ауырлататын мән-жайлар деп ескерді.

Сарапшының қорытындысына сәйкес, М. есірткі қолданудың салдарынан психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстарға, тәуелділік синдромына шалдыққан, мәжбүрлі емдеуді қажет етеді.

Сот үкімімен М.-ға 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру тағайындалды, «Рақымшылық туралы…» Заңды қолданумен жаза мерзімі 3 жылға қысқартылды. Бұдан бөлек, сотталғанға жазаны өтеу мекемесінде есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі емделу міндеттелді.

Үкім заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Сот үкім дәріхана психотроптық заттар