«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші, «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттар әрдайым ел игілігі жолындағы істердің басы-қасында жүр. Соның жарқын дәлелі ретінде партия Саяси кеңесінің мүшесі, Жамбыл облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісованың демеушілігімен Байзақ ауданы, Мырзатай ауылдық округінде құны 20 миллион теңге тұратын балалар ойын алаңқайы пайдалануға берілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бүлдіршіндерге жасалған бұл тарту – ауылдың игілігі мен болашағына салынған берік негіз. Салтанатты ашылу рәсіміне ауыл тұрғындары және аманаттықтармен бірге Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев пен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Ашылу рәсімі кезінде сөз сөйлеген Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев облыстық мәслихат депутаты Фарида Жүнісованың ел алдындағы уәдесін орындап, ауыл балаларына қуаныш сыйлағанын ерекше атап өтті.
– Демеушілік көрсеткен облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісова ауыл тұрғындарымен кездесуде «Туған жерге туыңды тік» қағидатын негізге алып, ойын алаңын сыйға тартуға уәде берген еді. Бүгін сол сөз орындалып, ауыл бүлдіршіндері үшін үлкен мүмкіндік ашылып отыр. Бұл бастама өзге кәсіпкерлер үшін де үлгі болары сөзсіз. Қазір аудан бойынша 26 ойын алаңы бар, олардың жағдайы әртүрлі. Ал осындай заманауи үлгідегі алаңшалар әлі де аз. Қазірдің өзінде Көктал және Үлгілі ауылдарында да демеушілер есебінен жаңа ойын алаңдары салынуда. Бұл аудан бюджетіне түсетін жүктемені азайтып, ауылдарға нақты қолдау көрсетудің тиімді жолы. Осы игі істі жүзеге асырған демеушімізге ауыл тұрғындары мен аудан басшылығының атынан алғыс білдіремін, – деді аудан әкімі.
Айта кетйік, Фарида Жүнісова – облыстық мәслихат депутаты ғана емес, елімізге танымал «Әулие Ата Феникс» ЖШС-нің басшысы ретінде де қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып келеді. Ол Мырзатай ауылында жаңа ойын алаңқайының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, ауылдағы әлеуметтік маңызы бар нысандарға қолдау көрсету – әрбір кәсіпкердің азаматтық борышы екенін атап өтті.
– Бұл ойын алаңын біздің тарапымыздан ауыл тұрғындарына жасалған тарту деп қабылдаңыздар. Мемлекет басшысы мен «AMANAT» партиясы ауыл-аймақтардың өркендеуіне ерекше назар аударып отыр. Осы орайда, барлық кәсіпкерлерді ауылдың дамуына үлес қосуға шақырамын. Ортақ күш-жігердің нәтижесінде ғана ауыл келбеті жаңарып, балаларға қолайлы орта қалыптасады, – деді депутат.
Мұнан кейін Мырзатай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әлімбаев сөз алып, халық қалаулысының тартуына ауыл тұрғындары атынан алғысын білдіріп, бұл игі іс ауыл балалары үшін үлкен қуаныш және маңызды оқиға екенін атап өтті.
Бұл игі іс – халық қалаулысының тек заң шығарушы ретінде емес, қоғамға жанашыр азамат ретінде де үлкен жауапкершілікпен қарап отырғанының айғағы.