Айка тізімі: Жеңгетайлықпен айналысып сотталған блогер бостандыққа шықты

Бүгін, 11:16 / Інжу Әлихан
жеке парақшасынан

Абай облысының Жарма аудандық соты «элиталық эскорт» ісі бойынша сотталған блогер Айкенің жазасын өтеуді кейінге қалдыру туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап. 

Соттың мәліметінше, өтініш Айкенің 2020 жылы туған кішкентай баласының болуына байланысты қабылданған. Екі жылдық мерзім ішінде ол тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады.

Еске сала кетейік, Айка 2024 жылғы 21 мамырда 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленген. Ол психотроптық затты аса ірі көлемде заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ жеңгетайлық жасау қылмыстары бойынша кінәлі деп танылған.

2025 жылғы 31 шілдеде сот оның жазаның бір бөлігін жеңіл жазаға ауыстыру туралы өтінішін қабылдамаған. Алайда Қылмыстық кодекстің 74-бабына енгізілген өзгерістер жас баласы бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыру құқығын бергеннен кейін, оның адвокаты қайта жүгінген.

Сот Айкенің мінездемесінің оң екенін, тәртіптік ережелерді сақтайтынын және ешқандай қарызы жоқ екенін ескере отырып, өтінішті мақұлдады.

Жазаның өтелмеген бөлігі екі жылға кейінге қалдырылды.

Тэгтер:

блогер бостандық Айка тізімі