Aстаналықтар лифт ауыстыруға жаппай өтініш түсіріп жатыр

Бүгін, 07:21 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Астанада жеделсатыларды жаңарту мен ауыстыруға сұраныс артқан. Мамандар мұны жақында болған жеделсатыдағы апатпен байланыстырады. Оқыс оқиғадан кейін тұрғындар жауапты мекемелерге жаппай өтініш түсіре бастаған, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Бірнеше күн бұрын Астанадағы көпқабатты үйдің лифті жетінші қабаттан құлап, бір адам қаза тапқан. Тағы екі жұмысшы жарақат алды. Осы оқиғадан кейін тұрғындардан лифт ауыстыруға сұраныс көбейіп, мемлекеттік бағдарлама аясында жаңартумен айналысатын компания бұл жұмысты қолға алған.

Алайда шығын жергілікті бюджеттен бөлінсе де, оның құнын пәтер иелері өтеуге тиіс. Шамамен 20 миллион теңге тұратын лифт төлемі 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге пайызсыз түрде бөлініп, тұрғындардың коммуналдық түбіртегіне қосылмақ.

"Соңғы уақытта бірнеше рет болған жағдайдан кейін лифт ауыстыруға сұраныс та жоғары. Үш-ақ апта өтті, бірақ байқалады. Осы уақыт ішінде мүлік иелерінің бірлестігі төрағаларынан және қызмет көрсетуші компаниялардан шамамен 20-ға жуық өтініш түсті", - дейді "Өркен қала" ЖШС бөлім басшысы Болат Түгелбаев.