Астанада 5-қабаттан құлаған құрылысшылардың жағдайы белгілі болды

Бүгін, 17:20 / Алуа Арман
istockphoto.com

Астанада бесінші қабатта құрылыс люлькасы құлап, салдарынан үш жұмысшы ауруханаға түсті. Жарақат алғандар Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығына жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

ҰШМҮО-да зардап шеккендердің қазіргі жағдайы нақтыланды: екі ер адам ауыр халде ем қабылдап жатыр, бір пациент жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылған.

«1997 жылы туған пациент ауыр жағдайда, аралас жарақатпен түсті. 24 қарашаға қарай жағдайы тұрақты, ауыр, есі – бұлыңғыр. 1981 жылы туған пациент те дененің бірнеше аймағының ауыр аралас жарақаттарымен түсті. 18 қарашада операция жасалды, ем қабылдауды жалғастырып жатыр. 1984 жылғы пациент 2025 жылғы 18-24 қараша аралығында ҰШМҮО-ның нейрохирургия және неврология департаментінде емделді. Жағдайы жақсарып, шығарылды», – деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі.

Медициналық мекеме барлық зардап шеккендерге қажетті мамандандырылған көмектің толық көлемде көрсетілгенін атап өтті.

Астана полиция департаменті тергеудің басталғанын хабарлады.

«Бесінші қабаттан жұмысшылардың құлау фактісі бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Құрылыс люлькасының құлауы салдарынан үш ер адам жарақат алды. Олар медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді полиция.

Тэгтер:

жарақат құрылыс Құлау құрылысшы 5-қабат