Алматы қаласының қалалық кардиологиялық орталығында алғаш рет жүректі трансплантаттау жүргізілді. Пациент – терминалдық созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған 34 жастағы ер адам реципиент болды. Ауруының үдеуімен байланысты оған жүректі ауыстырып қондыру қажет болды және ол республикалық жүректі трансплантаттаудың күту парағына енгізілген болатын, деп хабарлайды turkystan.kz.
Донор – артериялық гипертензияның ауыр түрімен ауырып, инсульт алған 50 жастағы әйел. Ол Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасына шұғыл жеткізілді.
Кейін дәрігерлер консилиумы оның ми өлімін анықтап, өлімнен кейін донор болу мүмкіндігін растады. Туыстары келісім берген соң, донорлық үдеріс ұйымдастырылды.
Барлық кезеңдердің үйлестіруі мен ұйымдастырылуын ҚР ДСМ Республикалық трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы қамтамасыз етті.
Жүректі трансплантаттау бойынша операция бес сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталды. Жүректі трансплантаттауды ҚКО директоры Ермағамбет Қуатбаев пен КФ UMC КҚ басқарма төрағасы, профессор Ю.В. Пяның басқаруымен Алматы қалалық кардиологиялық орталық пен UMC КҚ (Астана) мультидисциплинарлық командасы орындады. University Medical Center (UMC) корпоративтік қорының командасы ақпарат алған бойда Алматыға әріптестерін қолдау үшін дереу ұшып келді.
Осы айда Алматы қаласының қалалық кардиологиялық орталығы жүректі трансплантаттауды жүргізуге уәкілетті медициналық ұйымдардың тізбесіне ресми түрде енгізілгенін ескере кетейік.
Юрий Владимирович Пя бұл маңызды оқиғамен орталықтың ұжымын құттықтап, оның Алматыдағы кардиохирургияның дамуы үшін маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол донордың туған-туыстарына шынайы көңіл айтып, қабылдаған шешімдері үшін алғыс білдірді. Бұл шешім басқа адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
«Трансплантология бағдарламасына қатысу бізге пациенттеріміздің өмір сапасы мен ұзақтығын жақсартуға қажетті операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл бағыт – медицинаның дамуының да, қоғамның ағзаны трансплантаттауға мұқтаж жандарға көмектесуге дайындығының да көрсеткіші», – деді Ермағамбет Қуатбаев.
Бұл – биыл Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасының базасында тіркелген төртінші мультиағзалық донор.