Павлодарда екі баласын терезеден лақтырған әйелге үкім шықты

Бүгін, 14:35 / Алуа Арман
Фото: t.me/tv24kz_rus

Қайғылы оқиға биыл шілде айының соңында Нұрмағамбетова көшесіндегі үйде болды. Оқиға орнынан екі бала мен әйел ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кіші бала бүйрегін алып тастаған операциядан кейін екі тәуліктен соң ауруханада көз жұмды. Үлкен бала біртіндеп сауығып келеді. Балаларды терезеден лақтырған әйел де ауруханаға жатқызылған.

Қылмыс түскі уақытта, көршілердің көзінше болған.

Кейін белгілі болғандай, ана психикалық денсаулық орталығында есепте тұрған.

Қылмыстық іс мына баптар бойынша қозғалды:

кәмелетке толмағанды өлтіру,

кәмелетке толмағанды өлтіруге оқталу.

Сот әйелді қылмыс жасаған сәтте есі дұрыс емес деп таныды.

«Қоғамға қауіпті қылмысты жасау кезінде есі дұрыс болмағанына байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылсын. Арнайы үлгідегі, қатаң бақылау қойылған психиатриялық стационарға мәжбүрлеп емдеуге жіберілсін», – деді Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Жанна Нығыбаева.

Кәмелетке толмағанды өлтіру бабындағы санкция өмір бойы бас бостандығынан айыруды қарастырады, алайда Қазақстанда мұндай жаза әйелдерге қолданылмайды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Бала Павлодар ана үкім терезеден лақтыру