«Жұмысшы мамандықтар жылы»: Шымкент жастары кәсіпкерлермен пікір алмасып, мұнай өңдеу зауытын аралап көрді

Бүгін, 12:58 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Шымкентте жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыру, олардың кәсіби дағдыларын жетілдіру және еңбек нарығында сұранысын арттыруы мәселесі талқыланған жиын өтті. 

Бұл маңызды іс-шара «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық «Жастар Рухы» филиалы және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Шымкент мұнай өңдеу зауытының қолдауымен өтті. Форум жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту және олардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ұсыну үшін ұйымдастырылды.

Форумның алғашқы бөлімінде Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік алаңына экскурсия жасалды. Экскурсия барысында жастар Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмыс процесімен танысып, өндірістің барлық кезеңін көзбен көру мүмкіндігіне ие болды. Экскурсиядан кейін форум пленарлық бөлімге ұласты. Онда еліміздің жетекші компаниялары мен мекемелерінің мамандары сөз сөйледі. Олар өз ұйымдарында жастарға ұсынылатын жұмыс орындары мен даму мүмкіндіктері туралы айтты.

Спикерлер қатарында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС президенті Цзян Жиюань және  бірінші вице-президенті Бақыт Ерегенов, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, кәсіпорынның Цех басшысы Болат Қалдыкозов және жас маман Өркен Бәйденов болды. Олар жастарды жұмысшы мамандықтарына қатысты маңызды ақпаратпен таныстырып, осы бағытта жасалған жұмыстармен бөлісіп, идеяларды дамытуға үн қатты.

«Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірлерде осындай ауқымды жұмысшы жастар форумдары өтіп, еңбек нарығындағы өткір мәселелер ашық талқыланып жүргенін айтып өтті.

«Жастар қанаты жыл бойына атқарып келе жатқан осы шаралардың нәтижесінде жастар мен мектеп оқушыларының техникалық және жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығы артып, жас буын мен өндіріс арасында тікелей байланыс қалыптасты. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жанынан Жастар кеңесі де жұмысын бастады. Бұл кеңес – өндіріс орындарындағы жас мамандармен байланыс орнатып, олардың ұсыныстарын тыңдап, қоғамдық өмірге араласу ортасына айналуда», – деді ол.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бүгінде үлкен сұранысқа ие болып отыр, алайда осы салада еңбек ететін мамандардың тапшылығы байқалуда. Сондықтан осы форум арқылы жастарды техникалық және өндірістік салаларға бағыттау, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсіндіру, сол арқылы еңбек нарығына қажетті кадрларды даярлау маңызды.

Аталған өндіріс орнында 40 жылдан астам еңбек етіп, жақында зейнетке шыққалы жатырған ардагер, цех басшысы Болат Қалдыкозов форум қатысушыларына еңбек жолында негіз болатын өмірлік принциптерімен бөлісті.

«Қазір біз тұрған зауытта көптеген ірі маңызды жобалар іске асырылды. Бұл жерге мен жас маман болып келіп, ардагер қызметкер болып, зейнетке шыққалы тұрмын. Еңбек жолыма үлкен септігін тигізген келесі қағадаттармен жастарға бөліскім келеді. Біріншіден, өз ісіңізді сүйіңіз,  екіншіден, қателіктен қорықпаңыздар, үшіншіден, өзгенің еңбегін құрметтеңіздер. Төртіншіден, үйренуден жалықпаңыздар, жаңа дүниені меңгеру жас таңдамайды және ең маңыздысы өздеріңізге сеніңіздер», – деп қатысушыларға өз ақжарма тілегін жеткізді.

Сонымен қатар, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС президенті Цзян Жиюань және бірінші вице-президенті Бақыт Ерегенов өз сөздерінде зауытқа жас мамандар мен жұмысқа ынтасы бар азаматтарды қабылдауға әзір екенін айтып, әрбір жастың өз саласында жетістікке жетуі үшін қажетті ресурстар мен мүмкіндіктерді құру бұл іс-шараның басты мақсаттарының бірі екенін тілге тиек етті. Ал іс-шара соңында қызметте белсенділік танытып, еңбек сіңірген азаматтарға 40 жылдық мерейтой медальдары табыс етілді.

Осылайша, бұл форум еліміздегі жастардың кәсіби дамуына, еңбек нарығына дайындықтарына және жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды шараға айналды.

Айта кетерлігі, биыл шілде айында Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен өткен «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагері алаңында «Жұмысшы жастар аманаты» атты жоба іске қосылған болатын. Қазір жоба аясында аймақтарда, атап айтқанда, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана, Шымкент қалаларында бірнеше шара мен форум өтті.

Қазақстанның өндірістік әлеуетін нығайту, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және жастарды еңбек нарығына интеграциялау бір реттік шараға айналмай, келесі жылы да кешенді түрде жалғасын таппақ.

Тэгтер:

жұмысшы мамандықтар жылы Шымкент жастары