Еркін күрестен әлем чемпионы, Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов бір жыл бұрын өзіне федерациядан сыйға берілген пәтерді әлі алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы спорт журналисі Аслан Қаженов жазды.
«Әлем чемпионы пәтерсіз жүр. Еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов былтыр уәде етілген пәтер кілтін әлі алмаған. Қазір бауырының үйін паналап, жаттығу үшін Талғардан Алматыға қатынайды. Масқара! Ұят! Федерациядан шұғыл жауап күтеміз және баспанасын беруді талап етеміз!», - деді А. Қаженов.
Еске сала кетейік, Нұрқожа Қайпанов 2024 жылы Венгрияда күрес түрлерінен олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионы болды. Айтулы оқиғадан кейін жыл соңында Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының қорытынды жиынында Нұрқожа Қайпановқа пәтер сыйлаған еді.