Қазақстандық оқушы тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанды

Бүгін, 08:19 / Нұрлан Әлинұр
Дереккөз

Маңғыстаулық оқушы Айқын Дәулет тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Ол 18–22 қараша аралығында Алматы қаласында өткен тоғызқұмалақтан мектеп оқушылары арасындағы ІІ Әлем чемпионатында чемпион атанды.

"Жаңаөзен қаласындағы №18 жалпы білім беру мекемесінің 11 "Ә" сынып оқушысы Айқын Дәулет ел намысын абыроймен қорғап, U17 жас санатында Әлем чемпионы атанды", - дейді ведомстводағылар.

Оқушыны тоғызқұмалаққа үйретіп, жетекшілік еткен ұстаздары – Күләш Мадрешова мен Түгелбай Қуанышов.

Жарысқа 21 мемлекеттен 180 спортшы қатысып, бақ сынады.

Айқын Дәулет тоғызқұмалақтан Маңғыстаулық тұңғыш Әлем чемпионы атанып, сонымен қатар спорт шебері нормативін орындады, дейді білім басқармасындағылар.