Жетісу облысының денсаулық сақтау ұйымдарында заңбұзушылықтар анықталды. Қаратал ауданының прокуратурасы тұрғындарға міндетті сертификаттары жоқ және медициналық қызметке лицензиясыз медициналық көмек көрсетілгенін анықтады, - деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтар үшін медициналық ұйымдардың 20 қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың қатарында – орталық аудандық аурухананың бас дәрігері мен оның орынбасарлары бар. Оларға жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған. Олар заңсыз медициналық немесе фармацевтикалық қызмет, дәрі-дәрмектермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу және лицензиялау нормаларын сақтамау бойынша айыпталған.
Сондай-ақ, прокуратура халықты вакцинациялау ережелерінің бұзылғанын анықтады. Осыған байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабының бірінші бөлігі бойынша төрт ауылдық аурухана меңгерушісіне 157 280 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Прокурорлардың айтуынша, бюджетке 12,8 миллион теңге көлемінде қаражат өтелді.