«Өмір мен ойлағандай болмай шықты»: Төреғали Төреәлі қызының диагнозын білген сәтін еске алды (ВИДЕО)

Бүгін, 13:55 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Танымал әнші Төреғали Төреәлі тұңғышы Кәусардың өміріндегі ауыр кезең туралы жүрекжарды сырын бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әншінің айтуынша, 2016 жылы Астанада өткен «Қазақ аруы» жобасын жүргізуге дайындалып тұрған сәтте ол күтпеген хабарламаны алған.

«Сахнаға шығар алдында телефоныма хат келді. Ол кезде Кәусардың есімі Томирис болатын. “Томидің диагнозын қойды, ДЦП” деп жазып жіберген екен. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Сол хаттан кейін сахнаға қалай шықтым, кешті қалай жүргіздім – есімде жоқ», – дейді ол.

Төреғали сол күннен бастап атақ-даңқтың өзіне мәнсіз болып қалғанын айтады.

«Өмір мен ойлағандай болмайды екен. Бірақ мен қызымды Алланың сынағы емес, нығметі деп қабылдаймын. Шүкір, ол – біздің үйдің гүлі. Құдайдың берген бақыты да, ырысы да осы қызым арқылы келіп жатқандай», – деп ағынан жарылды әнші.