Біз өзіміз жасаған әлемнің жылдамдығына ілесе алмай жатырмыз

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ғалымдардың айтуынша, қазіргі адамзат тарихындағы басты парадокстардың бірі өзіміз жасаған ортаға өзіміздің бейімделе алмауымыз болып отыр. Эволюция мыңдаған жылдар бойы баяу жүрсе, технология, өнеркәсіп және ақпараттық жүктеме бірнеше онжылдық ішінде күрт өсіп кетті, деп хабарлайды turkystan.kz newatlas.com-ға сілтеме жасап.

Цюрих университетінің зерттеушілері жүргізген жаңа жұмыс бұл құбылысты нақты түсіндіреді: Homo sapiens физиологиясы тас дәуіріндегі ортаға арналған, ал біз қазір мүлде басқа, тым жылдам, тым күрделі экожүйеде өмір сүріп жатырмыз.

Біздің ми мен жүйке жүйесі қауіп-қатерді ежелгі принцип бойынша таниды. Бұрын стресс жыртқыштан қашу, аштық, суық сияқты нақты қауіп еді. Ал бүгін стресс дедлайндар, жұмыс чаттары, әлеуметтік желідегі 500 хабарлама, жазылмаған хаттар, бітпейтін тапсырмалар. Бірақ дене бұл «заманауи» тітіркендіргіштерді дәл сол ежелгі қауіп сияқты қабылдайды.

Салдарынан жүйке жүйесі үнемі «дабыл» күйінде жүреді; кортизол деңгейі ұзақ уақыт жоғарылайды; ағза қалпына келіп үлгермейді; созылмалы шаршау, мазасыздық, күйзеліс, иммунитеттің әлсіреуі пайда болады.

Ғалымдар мұны «биологиялық сәйкессіздік» деп атайды, яғни жылдам өзгерген әлемге тым баяу бейімделіп жатқан ағза. Біз ақпараттық дәуірді ойлап таптық, бірақ миымыз әлі де жидек теріп жүргендей жұмыс істейді.

Зерттеушілердің пікірінше, бұл біздің «әлсіздігіміз» емес. Бұған табиғи эволюцияның жылдам технологиялық әлемге ілесе алмауының заңды нәтижесі деп қарау керек.

Сондықтан бүгінгі негізгі міндет миға тас дәуірінен қалған қорғаныс механизмдерімен қазіргі әлемнің талабын теңестіруге көмектесу: демалысқа уақыт бөлу, ақпарат ағынын азайту, денені тыныштандыратын әдеттерді енгізу және шектен тыс жүктемені саналы түрде басқару.

Тэгтер:

жылдамдық адамзат эволюция