Бүгін Астанадағы Назарбаев университетінде «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен «Отандас ғалымдар форумы» өтіп жатыр. Форумға шетелден 40-тан астам, сондай-ақ Қазақстаннан 100-ге жуық ғалым мен сарапшы қатысуда. Форумға қатысу үшін Кувейт госпиталінің нейрохирургия бөлімінің кеңесші-нейрохирургі Шенол Жәдік те келген. Саналы ғұмырының 20 жылын медицина саласына арнап, ми, жұлын, жүйке жүйесіне ауыр операциялар жасап жүрген ғалым медицинадағы озық технологиялардың хирургия мен зерттеулерде қолданылуын тілге тиек етті.
«Ми мен омыртқаға күрделі операциялар жасадым. Минималды инвазивті әдістерді, дискті толықтай ауыстыруды, омыртқа және ми хирургиясына робототехника енгізуді үйрендім. Халықаралық нейрохирургиялық конференцияларға тұрақты қатысып, ғылыми нәтижелерімді ұсынып отырамын. Дәрістер оқимын. Шеберлік сабақтарын, воркшоптар өткіземін. Талқылауларға жетекшілік етемін. Әркім өз саласы бойынша көмек көрсетеді. Мен мысалы нейрохирургияның әр саласы бойынша мастер-класс өткізуге, ауруханаларды JCI аккредитациядан өткізуге, менеджмент бойынша бағыт-бағдар беруге дайынмын. Мұның бәрі медицинаның деңгейін көтеруге септігін тигізеді. Жалпы Қазақстан медицинасының дамуына өз тәжірибем мен білімімді, үлесімді қосуға, қолдауға қашан да дайынмын. Бүгінгі форум – шетелдегі талантты ғалымдардың басын қосып отырған маңызды жиын. Сол үшін де «Отандастар қорына» алғысымды айтамын. Ең болмағанда қазақтың бір науқасының жанын сақтап қалсақ, ол біздің жұмысымыздың нәтижелі болғаны. 25 жылдық тәжірибеміз бар. Соны еліміз үшін қолдансақ арманымыз жоқ. Мені АҚШ, Түркия, араб елдері, тіпті көршіміз Өзбекстан шақырады. Тек Қазақстан шақырмайды. Шетелдерде тәжірибелі хирургтар бар. Соларды неге шақырмасқа?», – дейді ол.